Copernicus: Биыл табиғат апаты жиілейді
Әдетте қаңтарда қыс күшіне мінеді. Сарышұнақ аяз, ақтүтек боран осы мезгілге тән. Бірақ табиғат биыл бұл жүрісінен жаңылды. Жылдың алғашқы айын біз ғана емес, барша жаһан жайлы өткізген.
Иә, әрісі Аляска мен берісі Сібірде күн жылып, бұрын-соңды болмаған рекорд тіркелді. Ал алдағы айларға болжам қанлай?
Биыл қаңтар айында Атлант мұхитынан соққан жылу толқыны температураны күрт жоғарылатып, жер шарында бұрын-соңды болмаған көрсеткіш тіркелді.
Ресейде алдағы 30 жылда қыс жылы болады
Алдағы 30 жылда Ресейде қыс жылы болады. 1990 жылдары көрші елде қыс қатал болса, кейінгі жылдары күн райы қалыпты нормадан ауытқып, біртіндеп жылып келеді. Климаттың аномальды құбылысын бақылап отыратын метереологтар бұл өзгерісті 1976 жылдан бері байқаған. Олардың айтуынша, ауа температурасы, әсіресе, Арктикада айтарлықтай жоғары. Бірақ оңтүстік өңірлерде өзгеріс жоқ. Кейінгі жылдары бұл елде қысқы температура қалыпты нормадан 3 градусқа көтерілді. Қысы қаһарлы болатын Якутияңыз да биыл үскірік аяздан ада.
Михаил Локощенко, Ломоносов атындағы ММУ ғылыми қызметкері:
- Мәскеуде қаңтар айында ауа температурасы 0 градусқа тең болды. Негізі бұл мезгілде шаһардың қалыпты нормасы 6 градус нөлден төмен болуы керек.
Мәскеуде қаңтар айы қалыпты нормадан жылы болды. Мұндай жағдай шаһарда 245 жылдан кейін алғаш рет тіркеліп отыр. Өйткені қаңтардың ортасына қарай қар еріп, жердің беті лайсаң тарта бастаған. Ғалымдардың айтуынша, бұл құбылысқа Батыстан ауған ауа массаларының артуы себеп. Бір айдай аймаққа Атлант мұхитынан теңіз полярлық ауасы соғып, Жерорта теңізінен жылы ағын жылжыған. Сөйтіп, ауа температурасы 10-12 градусқа жылып кетті.
Леонид Старков, Gismeteo бас метереологы:
- Климаттың ауқымы кеңейіп, экстремалды күйге ауып барады. Өте ыстық немесе қатты суық ауа райы жиі байқалады. Ал қалыпты температура тым сирек. Осы жылғы қыс соның айғағы. Бұл мезгіл биыл қаһарын танытқан жоқ.
Америкада ақпан айында жылу сақталады
Жылдың алғашқы айы жылылығымен есте қалған тағы бір аймақ – АҚШ. Қаңтарда ауа температурасы қалыпты нормадан 1,75 градусқа көтерілді. Көрсеткіш алдын ала жасалған болжамнан да асып түскен. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдай соңғы рет 1900 жылдары тіркелген. Ақпан айында да Америка жылы температураны сақтайды. Тіпті 25 градусқа дейін ысып кетуі мүмкін. Мұны мамандар Арктикадан соғатын жылу ағынымен байланыстырады. Солтүстік Атлант мұхитының жоғарғы қабатында су температурасы жылып, теңізге құятын жылы ағын температураның көтерілуіне әсер етеді.
Австралияда жауын-шашын көбейеді
Жылу толқыны Австралияда да сақталады. Жергілікті метереологиялық бюро осындай болжам жасады. Бірақ әдепкіден жауын-шашын көбейеді. Әсіресе, солтүстік және батыс аймақтарда қалың қар түсіп, шелектеп жаңбыр жаууы ықтимал. Ал алдағы жазда күн қатты ысыди.
Copernicus: Биыл табиғат апаты жиілейді
Жер шарында жаһандық жылыну биыл да жалғасады. Copernicus ауа температурасын бақылау бағдарламасының мәліметіне сәйкес, былтыр тарихтағы ең ыстық жыл ретінде тіркелді. Орташа температура қалыпты нормадан 1,5 градусқа асып кетті. Биыл да бұл үдеріс сақталып, климаттық өзгерістен болатын табиғи апаттар тіркелуі мүмкін. Бірақ ғалымдар «Айтып келмейтін апаттың нақты қай ай, қай мерзімде болатынын болжау қиын», - дейді.
Карло Буонтемпо, Copernicus бағдарламасының ЕО бойынша басшысы:
- Су тасқыны, жылу толқыны сияқты табиғат апаттарын алдын ала болжау қиын. Бірақ біз осы алапат апаттардың себебі мен оған не әсер ететінін анықтай аламыз. Атмосферада ауа ылғалдылығының жоғарылуына себеп болатын су буы температура жоғарылаған сайын арта береді. Бұл жауын-шашынды көбейтіп, тасқын қаупін арттырады. Сондықтан кез-келген жағдайға дайын болу керек.
Иә, биыл да климатқа қатысты рекорд жаңарады. Демек, қауіп бар. «Алдағы бірнеше онжылдықта ауа температурасы ысымаса, төмендемейді», - дейді мамандар. Өйткені жер шарындағы жаһандық жылыну өз шегіне жетті. Оны адамзат өз қолымен тоқтатпаса, мұның соңы жақсылыққа апармайды.
Карло Буонтемпо, Copernicus бағдарламасының ЕО бойынша басшысы:
- Біз өмір сүріп жатқан қоғам, біз тіршілік ететін жер шары бұрынғыдан өзгерек. Қазіргі ауа райы, климат атаулы жылдар бұрын тың өзгеріске ұшырады. Сондықтан жаһан жұрты өзгеше климатқа бейімделуге тиіс.
Климатқа қатысты айтылған бұл деректерге адамзат тосырқай, үреймен қарауы мүмкін. Бірақ бұл жай ғана болжам. Жалпы жаратылыс, дүние кем-кетігін өзі реттейді деген сөз бар. Біз де соған сенім артамыз.