Трамп Ақ үйде Израиль премьер-министрін қабылдады. LIVE

АҚШ қайта құру жоспары аясында Газаға иелік етеді. АҚШ президенті Дональд Трамп осындай күтпеген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды 24kz.

Мұндай көзқарасын Ақ үй қожайыны Израиль премье-министрімен кездесуден кейінгі брифингте мәлім етті. Жалпы Нетаньяхудің Вашингтонға келуі көпті елең еткізгені жасырын емес. Себебі ол Трамптың екінші президенттік мерзіміндегі алғашқы шетелдік қонағы.

Олардың кездесуі Хамас пен Израиль арасындағы бейбіт келісімнің екінші кезеңі басталар шақта өтіп жатыр.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- АҚШ Газа секторына иелік етіп, онда қайта құру-құрастыру жұмыстарын атқарады. Жарылмаған бомбаларды, қару-жарақтарды залалсыздандырады. Қирандыларды бұзып, тып-типыл етіп, қайта құрылыс салады. Жаңа үйлер мен жұмыс орындарын жасап береді. Бұл Таяу Шығысқа бейбітшілік алып келеді.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Бұл сапар тек Трамптың алғашқы шетелдік қонағы ғана емес. Нетаньяхуды Халықаралық қылмыстық сот «қылмыскер» деп тапқаннан бергі алғашқы рет шетелге шығуы болып отыр. Естеріңізде болса, былтыр қарашада адамзатқа қарсы қылмысы мен соғыс қылмыстары үшін деп Израиль премьер-министрі және ХАМАС басшыларына айып тағылған еді. АҚШ бұл халықаралық ұйымға, Рим статусына мүше болмағандықтан, тағылған айыптарға қарай Нетаньяхуды тұтқындамайды. Алайда әлемдік держава ретінде оның бұл әрекетін халықаралық құқық ұйымдары бірден сынап тастады.

Халықаралық қылмыстық сот ХҚС соғыс қылмыстары мен адамзатқа қарсы қылмыстар үшін жауапқа тартқысы келетін Израиль премьер-министрі Нетаньяхуды Ақ үйде қабылдау арқылы, Америка құрама штаттары халықаралық әділеттілікке деген құрметінің жоқтығын көрсетіп отыр. АҚШ-тың Женева конвенциялары бойынша соғыс қылмыстарын жасады немесе жасауды бұйырды деп айыпталған адамдарды іздестіріп, сотқа тарту немесе экстрадициялау жөнінде нақты міндеттемелері бар. Соғыс қылмыстары мен адамзатқа қарсы қылмыстар жасады деп айыпталған тұлғалар үшін АҚШ «қауіпсіз баспана» болмауға тиіс.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Бұған Human Rights Watch ұйымы өкілдері де қосылып, Трамптың зор мөлшерде қару жарақ жолдауы доғарылуы керек деп мәлімдеді. Негізі АҚШ Израильге жыл сайын 4 млрд долларға жуық әскери көмек береді. Бірақ Браун университеті мәлімдеуінше, Байден әкімішілігі кезінде бұл сомаға тағы 18 млрд-қа жуық әскери көмек қосылған. Бұдан бөлек, Вашингтонның өзінде де Нетаньяху жүріп өтетін жолдарға наразылық баннерлері ілініп, түрлі үкіметтік емес ұйымдар белсенділік танытып митингке шығып жатты. Ал Ақ үйде жолыққан қос елдің басшылары алдымен шағын брифинг ұйымдастырып, келіссөздерге кіріп кетті. Бірақ сол брифингтегі Трамптың Газа тұрғындарын көрші елдерге көшіру туралы қайталанып айтылған мына бір мәлімдемесі көптің назарын өзіне тағы аударды.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Газа тұрғындарын басқа жаққа көшіре алатынымызға сенімдімін. Тіпті маңайындағы елдер «жоқ» десе де. Мексика да «жоқ» деп келе жатып, қазір ортақ шекарамыздағы тәртіпті күшейту үшін он мың әскер жіберуге келісті ғой. Келіспей отырған Канаданы да келістірдім. Олар да солтүстік шекарамызды бақылауға атсалысады. Бұның бәріне өздеріңіз куә болып отырсыздар. Газадағы жағдай, әрине, өте қиын деңгейде. Ол жер өмір сүруге жарамайтындай болып қалған. Газа тұрғындарында басқа жаққа барып өмір сүруден басқа таңдау бар ма?

Бұл жерде Трамптың ұсынысына келіспей отырған Мысыр мен Иордания билігі. Олар млн-нан аса газалықтарды паналатудан бас тартып отыр. Экономикалық, қауіпсіздікке қатысты түрлі себептер бар. Бұған түрлі қоғамдық ұйымдар да қарсылық танытып, палестиналықтардың жерін тартып алу жоспарланып отыр деп АҚШ билігін айыптап та жатыр. Өзін келіссөздің шебері санайтын Дональд Трамп шынымен дегеніне жете ме, жоқ па ол енді алдағы уақыттың еншісінде болмақ.

Әлем басылымдары да, билік өкілдері де көп күттірмей жауап берді. Мысалы Сауд Арабиясы Палестина өз егемендігіне толық жетпейінше Израильмен ешқандай қарым-қатынас орнамайды деп мәлімдеді. Және палестиналықтарды өз жерінен көшіріп тастауға түбегейлі қарсы екенін білдірді. Сауд Арабиясымен байланыс АҚШ үшін де, Израиль үшін де аса маңызды. Трамптың Израильді араб елдерімен «достастыру» талпынысына мұндай қатқыл жауап сызат түсіруі әбден мүмкін. Бұған қатысты қарсылығын ХАМАС та бірден мәлімдеді. Олар бұл әрекетті жағдайды тіптен ушықтырады, еліміз ешқайда көшпейді деп пікір білдірді. Осыған орай Таяу Шығыс институтының АҚШ саясаты бойынша аға зерттеушісінің пікіріне де құлақ түрсек.

Брайан Катулис, Таяу Шығыс институтының АҚШ саясаты бойынша аға зерттеушісі:

- Меніңше, Трамп өзінің әдетіне басып, үлкен мәлімдеме жасап, жұрттың қалай әрекет етерін бақылап көргісі келетін сияқты. Мексика мен Канадаға қатысты тарифтерді жариялап алып, оларды қолданбады ғой. Бұндай тәсілді Трамп өзінің алғашқы президенттік мерзімінде де қолданған. «Ирактың бар мұнайын алып аламыз», - деді. Бірақ алмады. Гренландия мен Панама каналына қатысты мәлімдемелері сияқты бұл да шалажансар ұстаным ғана. Бұл мәлімдемелер мәселені шешпейді, тек пікірталас тудырып, уақыт ұттырып, ойлануға уақыт береді.

Трамптың палестиналықтарды басқа елдерге қоныс аудару жоспарымен БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерреш те келіспейтінін The New York Times-қа берген сұхбатында мәлім еткен еді. Ол бұл жоспарды этникалық тазарту саясаты деп теріс бағалаған еді.