Түркия Сирияны қалпына келтіруге көмектеседі
Израиль премьері Ақ үйге барғанда Сирияның уақытша президенті Ахмет аш-Шара Түркияға ресми сапармен келді, деп хабарлайды 24kz.
Бұл бір апта бұрын ғана іске кіріскен Шам басшысының шетелге жасаған екінші сапары.
Сөйтіп, Анкарада қандай мәселе қозғалуы мүмкін?
Меруерт Қанағат, тілші:
- Түрік астанасына 15 жылдан кейін Сирия президенті ресми сапармен келді. Сирияның уақытша басшысы Ахмед аш-Шара мен Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Сирия экономикасы мен қарулы күштерін құру, сондай-ақ қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Түркия басшысы Сирияның қираған қалаларын қалпына келтіруге көмектесуге уәде берген. Оның айтуынша, экономикалық даму қарқынды жүрсе, сириялық босқындардың өз еркімен елге оралу көрсеткіші артады.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- Біз Сирияға гуманитарлық көмек көрсетуге және қираған қалалар мен маңызды инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіруге дайынбыз. Сирияның экономикалық дамуы жеделдеген сайын азаматтардың ерікті түрде қайтып оралу процесі қарқын алатыны сөзсіз. Дегенмен, Сирияға қарсы халықаралық санкциялар елдің экономикалық және инфрақұрылым жағынан қалпына келуіне кедергі келтіріп отыр. Біз құлаған режимге қарсы енгізілген санкцияларды жою үшін қарекет қылып жатырмыз. Бірақ толық нәтижеге қол жеткізгенше тынбай еңбек етеміз.
Сирияда азаматтық соғыс басталғалы 13 млн адам көшіп кетуге мәжбүр болды. Оның жартысынан астамы Түркияда тұрады. Осыған орай президент Аш-Шара Түркия мемлекеті мен халқының қолдауын ешқашан ұмытпайтынын атап өтті.
Ахмет аш-Шара, Сирияның уақытша президенті:
- Аймақтағы қауіп-қатерге қарсы күресу үшін бірлескен стратегия құру сияқты маңызды мәселелер бойынша бірге жұмыс істеп жатырмыз. Бұл күш-жігер Сирия мен Түркияның ортақ қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Біз Сирияның солтүстік-шығысындағы елдің аумақтық тұтастығына қауіп төндіретін мәселелерді талқыладық. Сонымен қатар Израильді Сирияның оңтүстігіндегі буферлік аймақтан шығару және 1974 жылғы келісімнің жүзеге асуы үшін халықаралық қысым жасаудың маңыздылығына тоқталдық.
Сирия мен Түркия арасындағы қарым-қатынас стратегиялық тұрғыда маңызды. Екі елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы өзара тығыз байланысты. Түркия Сириядағы ішкі тұрақсыздықты болдырмау және аймақтағы ықпалын арттыру үшін елеулі рөл атқарады.
Есма Өздашлы, Гази университетінің доценті, халықаралық қатынастар сарапшысы:
- Түркия мен Сирия арасындағы қарым-қатынас тек екі елге ғана емес, бүкіл аймаққа әсер етеді. Түркияның Сирияға гуманитарлық көмек көрсетуі және қираған инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша жасаған ұсыныстары аса маңызды. Сирияда өмір сүріп жатқан босқындардың қауіпсіз түрде өз еліне оралуы да өзекті мәселе. Түркия Сирияда соғысқа дейін болған демократиялық құрылымды қайта орнатуға мүдделі.
Ресми Анкара 13 жылға созылған азаматтық соғыс кезінде Башар Асадқа қарсы шыққан топтарды белсенді қолдап, Сирияның жаңа әкімшілігінің басты одақтасына айналды. Түркия режим құлағаннан кейін елшілігін қайта ашқан алғашқы мемлекет. Сондай-ақ екі ел арасында 13 жылдан кейін әуе сапары қайта қалпына келтіріліп, бірқатар маңызды ведомстволардың өкілдері тағайындалды.
Авторы: Меруерт Қанағат