Оңтүстік Корея президенті әскери жағдай енгізуді ешқашан жоспарламағанын мәлімдеді. LIVE

Оңтүстік Кореяда Президент Юн Сок Ёльге қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Кеше Конституциялық соттың бесінші отырысы өтті. Мемлекет басшысы «бүлікке шақыру және билікті асыра пайдаланды» деген айыппен тергеліп жатыр. Өткен жылдың 3 желтоқсанында Юн елде әскери жағдай енгізген.

Алайда бірнеше сағаттан кейін Парламент бұл шешімді жойды. 14 желтоқсанда депутаттар президентке импичмент жариялап, сот оны қамауға алуға ордер берді.

Владислав Цой, тілші:

- Оңтүстік Кореяның қызметінен уақытша шеттетілген президенті Юн Сок Ёль соттың бесінші отырысына өзі қатысты. Юнның адвокаттары оның әскери жағдай енгізуді ешқашан жоспарламағанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, бұл әрекеттер тек саяси дағдарысты еңсеруге бағытталған шаралары болған. Ал президенттің өзі: «ештеңе болған жоқ», деп істі «заңсыз» деп отыр. Дегенмен Юн Сок Ёль Орталық сайлау комиссиясының кеңселеріне әскер жіберуге бұйрық бергенін мойындады. Ол былай деді: «Мен сол кездегі Қорғаныс министрі Ким Ён Хёнға Орталық сайлау комиссиясының кеңселеріне әскер жіберуді бұйырдым. Бұл ешқандай қылмыстық тергеу жүргізу үшін емес, тек жүйелердің дұрыс жұмыс істеп тұрғанын тексеру үшін жасалды. Себебі мен прокурор ретінде сайлау нәтижелерін бұрмалау істерімен айналысқан кезде түсініксіз, жалған бюллетеньдердің көп екенін көрдім».

Судьялар әскери жағдай кезінде бұйрықтарды орындаған жоғары лауазымды әскери қызметкерлерге сөз берді. Атап айтқанда, Сеулді қорғау армиясының қолбасшысы болған генерал Ли Чжин У мәлімдеме жасады. Судьяның президенттен біреуді тұтқындау туралы тікелей бұйрық алған-алмағаны туралы сұрағына Ли «жоқ» деп жауап беріп, бұл мәселеге қатысты қосымша түсініктеме беруден бас тартты.

Ли Чжин У, Оңтүстік Корея әскерінің генерал-лейтенанты:

- Жоғарғы қолбасшы, яғни, елдің атынан сөйлейтін әрі бұрынғы бас прокурор ретінде заңды жақсы білетін адам ел мен әлем алдында мәлімдеме жасаған кезде оның заңды немесе заңсыз екенін ойлануға да уақыт болмады. Сондықтан мен оның шешімі заңды деп санадым және парламентке бару туралы бұйрық алған кезде мен оны орындауға міндетті болдым.

Владислав Цой, тілші:

- Сеулде президенттің жақтастары мен қарсыластарының митингілері толастамай тұр. Сенбі күні Кванхвамун алаңы маңында президентті қолдайтын 40 мыңға жуық адам жиналды. Олар «Юн Сок Ёльге бостандық!», «Импичментке жол жоқ!» деп ұрандатты. Сонымен қатар шамамен 6 мың қарсылас та көшеге шығып, «Юн Сок Ёль қызметтен кетуі керек!», «Демократияны қорғайық!» деп талап қойды. Президент қамауда отырған Сеулдегі түрме орталығының алдында оның жақтастары тәулік бойы кезекшілік етуде.

Ким Пён Гын, президент Юн Сок Ёльдің жақтасы:

- Мен президентті қолдау үшін Токиодан келдім. Оның қамауға алынуы заңсыз деп санаймын. Оны дереу түрмеден босату керек.

Айта кетейік, Юн Сок Ёль 15 қаңтарда тергеушілер оны президенттік резиденцияда тұтқындағаннан бері Кёнги провинциясындағы Ыйван қаласында орналасқан Сеулдің түрме орталығында қамауда отыр. Конституциялық соттың оны қызметіне қайта ала ма, жоқ па деген шешім қабылдауына 180 күн берілген. Бүгін парламенттік комитет әскери жағдай туралы істі тергеу мақсатында президент Юн қамауда отырған Сеулдің түрме орталығына барып, оны тергемек. Алайда билеуші партия президенттен жауап алуға қарсылық білдіруде.