Ресейде парақорлардың саны рекордтық көрсеткішке жетті

Былтыр көрші Ресейде қолға түскен парақорлардың саны рекордтық көрсеткішке жетті. Жемқорларды анықтауға ақшаға таңба салу әдісі ықпал етті.  Ақшаға белгі салу әдісі Барзилияда да қолданылады. Осы тәсілмен ел тарихындағы ең ірі жемқорлық ісі әшкереленген екен.

Ресейде жарты жылда жемқорлық ісі бойынша 10 мың адам ұсталды

Ресейде былтыр жарты жылда жемқорлық ісі бойынша 10 мыңнан аса адам күдікке ілінген. Кейінгі 13 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Сарапшылар: «Бұл мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржыға бақылауды күшейтудің нәтижесі», – дейді. Сондай-ақ құқық қорғаушылардың техникалық мүмкіндіктерінің кеңеюі де септігін тигізген. Олар парақор адамды қолға түсіру үшін белгі салынған ақшаны жиі қолданады. Банкноталарға бояу, ұнтақ не спрей себеді. Кейін ол ультракүлгін сәуленің астында көрініп тұрады. Жемқорлықпен күресті күшейту үшін көрші елде биыл 1 шілдеден бастап цифрлық рубль енізіледі.

 

Бразилияда ірі жемқорлық қылмысы әшкереленді

Жемқорлықпен күресте белгі салынған ақшаны қолдану тәжірибесі Бразилияда кеңінен тараған. Әсіресе мемлекеттік компаниялар мен шенеуніктерге қатысты тексеру кезінде көп пайдасы тиген. Атышулы «Көлік жуу» операциясы соған мысал. 2014 жылы басталған тергеу барысында елдегі бірқатар ауқатты адам жемқорлыққа қатысты қамауға алынды. Арасында Бразилияның қазіргі президенті Лула да Силва да бар. Құқық қорғаушылар ел тарихындағы ең ірі жемқорлық ісін әшкерелеуге осы таңбаланған ақшаның көмегі тигенін айтады.

 

Қытайда жыл сайын жемқорлықтан $86 млрд шығын келеді

Қытайдың жемқорлықпен күресте қатаң шаралар қолданатыны көбіне мәлім. Өйткені мұндай қылмыс салдарынан ел экономикасына жыл сайын 86 миллиард доллар шығын келеді.

Парақорларды әшкерелеу үшін шығысымыздағы көрші елде түрлі шаралар қолданылады. Солардың бірі – белгі салынған ақша. Қытайда жемқорлыққа барған адамдарға ауыр жаза тағайындалады. Мысалы, былтыр ең ірі мемлекеттік банктің партия хатшысының 17 миллион доллар пара алғаны дәлелденіп, қаржыгер өлім жазасына кесілген еді.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсел Абдыхалыкова.