Ән әлемінде қазақ халқының мәртебесін көтерген рухты ару

Биыл 30-рет ұйымдастырылған «Славян базары» халықаралық байқауында Рухия Байдүкенова Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Витебск қаласында өткен өнер додасындағы жерлесіміздің жұлдызды сәті.

Тұла бойды шымырлатып, жұртшылықты сүйсіндірген бұл ару Рухия Байдүкенова. 22 жастағы Талдықорғанның тумасы бүгінде Қазақ ұлттық өнер университетінде білім алып жатыр. Талантты жас 5 октаваны емін-еркін меңгерген. Жерлесіміздің өнері Витебск халқын сөзсіз тәнтті етті.

- Рухия! Казахстан! Невероятная энергетика прямо вот сносит!

Даусының кеңдігі мен орындау шеберлігі қазылар алқасын әрине бей-жай қалдырмады. Доданың алғашқы кезеңінде Рухия жоғары ұпайға ие болып, өзге әншілерден оза шапты.

Осылайша әу дегеннен қазақ қызы «Алтын Лира» сыйлығы мен Гран-при жүлдесін өзгелерден жұлып алды. Беларусь, Италия, Ресей мен Молдованың өнер майталмандарымен бірге алқа құрамында еліміздің әйгілі әншісі Димаш Құдайбергеновтың болғанын айта кеткен жөн. 2015 жылы дәл осы байқауда Димаштың жұлдызы жарқырап жанған еді. Енді міне Рухия Байдүкенова есімді қазақтың тума таланты славян жұртын мойындатты.