Петропавлдағы қазақ драма театрының әртістері жұмыстан шығып жатыр

Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ драма театрының алты бірдей актеры жұмыстан шығу туралы арыз жазды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәдениет қызметкерлерінің мұндай қадамға баруына баспана мәселесі себеп болған.

Қазақ драма театрының актерлеріне қазір сахналық қойылым емес, баспана мәселесі бас қайғы болып тұр. Өйткені төрт отбасы дәрігердің аядай үйінде тұрып жатыр. Оларға әкімдік өкілдері 2010 жылы сахналық қойылымдай салтанатты жағдайда пәтер берген. Алайда оны мәдениет қызметкерлері жекешелендіре алмапты. Енді міне, үйді босатыңдар деген ескерту келе бастаған.

Марат Ғайнуллин, С.Мұқанов атындағы қазақ драма театрының актёры:

- Осы үйдің мәселесінің шешілмеуіне байланысты барлығымыз осындай әрекетке бара жатырмыз, шешіледі дегелі міне бірталай уақыт өтті, әлі шешілмей жатыр.

Асылхан Разиев, С.Мұқанов атындағы қазақ драма театрының актёры:

­ Ешкімнің пәтері керек емес, маған өзімнің он жылдыққа берілген пәтерді ғана талап етіп отырмын. Әйтпесе көбісі бізді дұрыс түсінбей отыр. Отырып пәтер талап етіп жатыр деп, жоқ, біз өзімізге тиесілі пәтерді ғана сұрап отырмыз, болды.

Ашынған актерлердің арызына әлі қол қойылған жоқ. Театр басшылығы қызметкерлерді сабыр етіп, қызбалыққа салынбауға шақырып жатыр. Өйткені, жиырма әртістің алтауы бірден жұмыстан кетсе, олардың орнына сахнаға шығатын адам табылмай қалады.

Біржан Жалғасбаев, С.Мұқанов атындағы қазақ драма театрының директоры:

- Өте қиын, қаншама актер режиссерлердің шақыртуымен келгеннен кейін енбек тұралап қалады.

Сыздауықтың соқтасындай болған баспана мәселесін шешуге қазір мәдениет басқармасындағылар кірісті. Олар бірнеше жылдық еңбек өтілі бар актерлерге пәтер беру туралы қалалық әкімдікке хат жазған.

Досбол Әбдірісов, облыстық мәдениет басқармасы басшысының м.а:

- Қала әкімдігінен екі-үш бөлмелі пәтер баланстарында болып тұр. Ертең қазақ театрының балансына тапсыру бойынша құжаттарды дайындаймыз, оны қазір екі актерге беруге дайын, ал қалған екі актерге пәтер босаған кезде беретін боламыз. Жекеменшікке айналдыруға болады деп сенімдеміз.

Әкімдіктің мұндай шартына актерлер көне ме? Ол жағы әзірге белгісіз. Егер баспана берілмесе өнер адамдары басқа салаға немесе өзге өңірге қоныс аударуға бел буып отыр.

Шыңғыс Қалиден, Нұргүл Ахметова, Төлеген Иманов