Қостанай облысынан «Қызбел - Қобда - Қарабау» тарихи-этномәдени экспедициясы жолға шықты

Бүгін Қостанай облысынан «Қызбел - Қобда - Қарабау» тарихи-этномәдени экспедициясы жолға шықты.

Торғайдан басталып, Ақтөбе арқылы Атырауға өтетін бағытты 18 ғасырда кіші жүзге көмекке барған Өтей батырдың қалың қолы жүріп өткен. Олар Шақшақ Жәнібектің нұсқауымен батыстағы ел-жұртқа қысым көрсеткен қалмаққа қарсы соғысқа аттанған. Сол қырғын шайқастың бірінде мерт болған Өтей батыр Атыраудағы Қарабау деген ауылдың маңында мәңгілік мекен табады. Жергілікті жұрт ол жерді әлі күнге Өтей батыр қорымы дейді. Алты алашқа танымал атақты Есентемір Бөкен би де өз өтініші бойынша жеке жатқан батырдың қасына жерленіпті. Сондықтан ол қорым исі қазақ үшін қасиетті, киелі орын болуы тиіс. Осыны көздеген бастамашыл топ бабалар ізімен экспедициясын ұйымдастырды. Қызбелден шығатын жаяу топ Қарабауға дейін 1200 шақырымды жүріп өтіп, ауыл аймақтарда даңқты тұлғалардың ерлік істерін насихаттап, қосымша тарихи мағлұматтар жинайды.

Кәрбоз Жапаров, экспедицияның ғылыми кеңесшісі, профессор:

- Қай ру болсын, қай ел болсын әр елде батыр да бар, ақын да бар, жақсы-жақсы билер де болған. Өтей атамыз сол мезгілінде ел басқарған әрі батыр, әрі шешен, әрі би болған екен. Оның барлығы тарихи зерттеу арқасында көптеген мәліметтер кітап болып шығып жатыр. Энциклопедияға енді. Ұрпақты тәрбиелеу үшін болған-болған ірі тұлғалардың барлығын дәріптеу, елге анықтау есебі.