Қазақтың этнофольклорлық ансамблі Британияны өнерімен сусындатты

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында «Қос Арна» этнофольклорлық ансамблі Ұлыбритания жұртшылығын ұлттық мәдениетімізбен сусындатты. Жас өнерпаздар домбыра, қобыз, сыбызғы және жетігенде ойнап, жиналғандарды Ұлы Дала елінің музыкалық жауһарларымен таныстырды. Қазақстанның Біріккен Корольдіктегі Елшілігі ұйымдастырған шара.

Аида Жаханбек Ұлыбританиядағы Шеффилд университетінің музыка факультетінде оқиды, ал оның інісі Азамат Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Халық музыкасы факультетінің студенті. Бүгін олар «Шилі өзен» халық әнін және Нұрғиса Тілендиевтың «Аққу» күйін нақышына келтіріп орындап, зор қошеметке ие болды. Сонымен қатар ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен ағылшындарға етене таныс «Төбемнен тамшылаған жаңбыр» әнін айтып, көпшілікті таң-тамаша етті.

Азамат Жаханбек, «Қос арна» дуэтінің қатысушысы:

- Бұл шығармаларды таңдаған себебіміз қазақ халқының әрбір аспабын жекешелеп көрсету және де қазақ аспаптарымен тек ғана дәстүрлі музыканы ғана емес, соған қоса поп жанрындағы және джаз жанрындағы бүкіл әндерді орындауға болатындығын көрсеткіміз келді.

Джил Браун, көрермен:

- Қос арнаны тыңдап ерекше әсерге бөлендім. Ұлттық аспаптардың үні ғажап. Домбырадан басқасын естімеген екем. Аққу күйін тыңдағанда сол құстарды көз алдыма елестеттім. Әсіресе аспаптармен аққулардың дауысын салған сәтте ғажап сезімге бөлендім.

Мерекелік шара барысында қонақтарға, сондай-ақ Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер мен Қазақстан-Британ қатынастары дамуының негізгі кезеңдері туралы баяндалды. Қазақстанның Біріккен Корольдіктегі Елшісі Ерлан Ыдырысов тарихи өлшем бойынша қысқа уақыт ішінде мемлекетіміздің Орталық Азияның ірі экономикасына айнала алғанын атап өтті. Шараға Ұлыбританияның Еуропа және Америка істері жөніндегі мемлекеттік министрі арнайы келіп, жүрекжарды лебізін жеткізді.

Венди Мортон, Ұлыбританияның Еуропа және Америка істері жөніндегі мемлекеттік министрі:

- Ұлыбритания Қазақстан тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі. Үш онжылдық көлемінде дипломатиялық әріптестігіміз нығайып келеді. Сіздер тауарлар мен қызметтер саудасының көлемі жылына шамамен 1,4 миллиард стерлинг фунтын құрайтын Орталық Азиядағы біздің ірі серіктесімізсіздер. Сонымен қатар Қазақстан Ұлыбританияның климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі негізгі жаһандық әріптестерінің бірі.

Шараға британдық саяси, экономикалық және мәдени истеблишменттің өкілдері, журналистер, шетелдік дипломаттар және қазақ диаспорасы қатысты. Қонақтардың назарына отандық суретшілер мен дизайнерлердің еңбектері ұсынылды. Сонымен қатар ескі дәстүр бойынша «сарқыт» ретінде Қазақстан туралы жазылған кітаптар мен апорт алмасы сыйға тартылды.

Ғалымжан Қараманұлы