Ақтөбеде көптен күткен тарихи қойылымның тұсаукесері өтті

Ақтөбеде көптен күткен тарихи қойылымның тұсаукесері өтті

Ақтөбенің Тахауи Ахтанов атындағы драма театрында көптен күткен тарихи қойылымның тұсаукесері өтті. Алтын Орда хандарының кеңесшісі, халық қамқоршысы болған Едіге батыр туралы пьеса қойылды. Қолбасшының ерлігі мен еңбегі баяндалған шығарма көрермен көңілен шықты. Алдағы уақытта туындыны түркітілдес елдерде де көрсету көзделген. 

Мейірбек Шәкенов қайсар мінезді Едіге батырдың ролін алғаш рет сахнада сомдамақ. Тарихи тұлғаны танытуға лайық деп анықталғалы бері екі ай бойы тынымсыз еңбек еткен. Себебі қойылым барысында басты кейіпкердің Ақсақ Темір, Тоқтамыс сынды тұлғалардың тасасында қалып қоймау міндеті де жүктелген еді. Сондықтан көңілінде толқыныс та басым.

Мейірбек Шәкенов, актер:

- Бұл ер Едіге кейіпкері жалғыз қазаққа қана тиесілі емес. Себебі Алтын Орданың кезінде бұл татарларда да бар, башқұрттарда да бар. Ноғайларда, бірнеше ұлтта бар. Сондықтан әр жазбаны қарадық барынша көптеген деректер, көптеген мағлұматтар бар. Барлық толықтай тарихын қамту мүмкін емес. Дей тұрғанмен, көркем шығарма. Белгілі бір кезеңін алуға тырыстық.

«Ер Едіге» тарихи драмасы өр рухты батырдың ерлігін дәріптейтін тұңғыш қойылым. Пьесаны былтыр Алтын Орданың 750 жылдығы аясында көрерменнің назарына ұсыну жоспарланған еді. Алайда сахнаға шығару ісі түрлі себептерге байланысты кейінге шегерілді. Ал тұсаукесерге келушілерден зал лық толды.

Светқали Нұржан, пьеса авторы, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

- Бұл менің 15 жылдан бері толғанып жүрген тақырыбым еді. Жанрының табиғатын, кілтін табу қиындау болды. Көптеген осы уақытқа дейінгі тарихта айтылып келе жатқан әңгімелердің, түсінбеушілікпен айтылып кеткен, қағидаға айналып кеткен нәрселерді мен астарын басқаша шығардым. Себебі ол менің көп жылғы толғанысым. Драма жанрының табиғатын танитын көптеген ғалымдарға, қалам иелеріне оқып бердім. Олар ұнатты.

Қойылымда Алтын Орданың соңғы әмірі атанып, оны біртұтас мемлекетке айналдырған қолбасшы Едігенің Әмір Темірмен қарым-қатынасы көрсетіледі. Басты жауы Тоқтамыспен шайқасы және жеңісі де көрініс тапқан. Жанжалдың тұтануына түрткі болған Тоғайбек ханымның да ролі жан-жақты қамтылды. Барлық оқиға ақындардың жырлауымен сүйемелденіп отырады. Пьеса ежелгі тарихтан сыр шерткенімен оны режиссер заманауи үлгіде өрбіткен. Қойылымды сахналауға тартылғандардың жалпы саны 100-ге жуықтайды. Оның арасында филармонияның хор артистері және этноансамбль өкілдері бар.

Данияр Базарқұлов, режиссёр:

- Жалпы қазақ баласы, түрік баласы өзінің бабаларын білуі керек. Оны насихаттау керек және көрсету керек.  Біз 1 сағат 10 минуттың ішінде барлық тарихты көрсетіп үлгіре алмаймыз әрине. Ол мүмкін емес. Себебі жырлаған кезде жыршылар 7 сағат жырлайды екен. Соны 1 сағатқа сыйдырып көрерменнің ой-санасына сәл болса да Едігенің кім екенін айтып кету.

Ел тарихындағы зор тұлғаның бірі Едіге батырдың ерлігі мен еңбегін насихаттау Ақтөбеде былтыр басталды. Ескерткіші бой түзеіп, қаладағы даңғылдың біріне оның есімі берілді. Ғалымдардың басын қосқан ғылыми конференция өтіп, Едіге жырының бірнеше нұсқасы жазылған үнтаспа да жарық көрген еді. Енді қойылымнан өзге алдағы уақытта кино түсіру жоспарда бар.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев