Райымбек ауданындағы үш ауылдың халқы жаңа мәдениет үйін салып беруді сұрайды

Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Сарыжаз, Шәлкөде және Тегістік ауылының халқы жергілікті атқарушы билік өкілдерінен жаңа мәдениет үйін салуды сұрайды. Аталған елді мекендердегі өнер ошақтары апатты жағдайда тұр. Кейбірінің есігіне сот шешімімен қара құлып ілінген. Енді бірінің қабырғалары жарылып, төбесі опырылып ортасына түскелі тұр. Бірақ әлі күнге дейін халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Райымбек ауданының Сарыжаз ауылындағы мәдениет үйінің іргетасы 1956 жылы қаланған. Содан бергі уақытта бір де бір рет күрделі жөндеуден өтпепті. Қазір төбесі опырылып, ортасына түскелі тұр. Ғимарат апатты жағдайда деп танылғанымен мәдениет үйі мен ауылдық кітапхана қызметкерлері әлі күнге дейін осында халыққа қызмет көрсетіп келеді. Мұнда 20 мыңнан астам кітап қоры бар. Ал мәдениет үйінің жылу жүйесі әлдеқашан істен шыққан.

Маржан Байсұлтанова, Сарыжаз ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі:

- Қазіргі жағдайда бізде жылу жоқ болса да біз енді сол мәдениет үйін сақтап, осы жерде жұмыс жасап отырмыз. Үйірмелеріміз өтіп жатыр, қазір сол бір бөлмеде бәрін өткізіп жатырмыз. Біздің мәдениет үйінде ешқандай жұмыс жасауға мүмкіндік жоқ. 5,5 мың халық саны бар үлкен ауыл болғандықтан біздің ауыл тұрғындарының, ауыл жастарының сұранысы бойынша осы бізге жаңадан мәдениет үйі салынса деген сұраныстарымыз бар.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Шәлкөде ауылдық мәдениет үйі 1962 жылы Бастау Сүгіровтың бастамасымен салынып, пайдалануға берілді. 2015 жылы сот шешімімен апатты жағдайда деп танылып, жабылып қалды. Содан бері бұл ауылда мәдениет үйі жоқ. Ал мына ескі ғимарат күрделі жөндеуден өткізуге келмейді. Өйткені қабырғалары ағаштан салынған.

Шәлкөде ауылдық мәдениет үйінің штатындағы 5 қызметкер жергілікті әкімдік ғимаратындағы бір бөлмеде отыр. Өрт қауіпсіздігіне қайшы әрекет болғанымен мұнда да түрлі жылытқыштар қойылған. Үйірмелер мектептің музыка класында, ал мәдени шаралар спорт залында өтеді. Өйткені онда мәжіліс залы жоқ.

Нұрбақыт Мамытханов, Шәлкөде ауылдық мәдениет үйінің директоры:

- Біз енді тікелей осы Шәлкөде орта мектебімен жұмыс істейміз. Әрине жаңа мәдениет үйі ауыл үшін, осы ауылдың жастары үшін керек ғой. Келесі жылдарға салынып қала ма деген үміттеміз енді.

Ғалия Кәмеева, Шәлкөде ауылының тұрғыны:

- Жастарға жаным ашиды. Жастар біздің келешегіміз ғой. Солардың жаңағы өнерлі болып өсуі үшін, мәдениетті болып өсуі үшін, олардың өмірге деген қызығушылығын арттыру үшін мәдениет үйі өте қажет деп ойлаймын.

Тегістік ауылындағы мәдениет үйі де апатты жағдайда тұр. Бұған дейін аудандық әкімдік тарапынан аталған ауылдарға жаңа мәдениет ошағының жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға бірнеше рет бюджеттік өтінім берілді. Алайда құрылыс материалдары күрт қымбаттап кетті. Сол себепті қазір облыс басшысының тікелей тапсырмасымен типтік үлгідегі мәдениет ошақтарының үлгілі жобасы жасалып жатыр.

Ғалым Жусанбаев, Райымбек ауданы әкімінің орынбасары:

- Биылғы жылы облыстық құрылыс басқармасы арқылы қаржы бөлініп, бүгінгі таңда ашық конкурс жарияланып, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы жарты жылдыққа дейін жоба жасалынса, мәдениет үйлері керек деген ауылдарға сол проекті бойынша жасаймыз деген жұмыстар жүріп жатыр.

Райымбек ауданының Сүмбе ауылында 180 орындық жаңа мәдениет үйінің құрылысы басталды. Жоба құны 462 миллион теңге. Ал Жамбыл ауылынан мәдениет үйін салу мақсатына 506 миллион теңге бөлнген. Қақпақ ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Бұл мақсатқа олбыстық қазынадан 469 миллион теңге бөлінді.

Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов, Айгүл Ғазизуллина