СҚО-да ескі мешіт орнынан Ислам мәдениетінің музейі ашылады

Солтүстік Қазақстан облысында 19-ғасырда салынған мешіт бар. Талай тепкішектен өткен нысан енді қайта жаңғыртылып жатыр. Құлшылық орнының іргетасы бекітіліп, шатыры жөнделеді. Ең бастысы, мамандар көне нысанның бастапқы сәулетін өзгертпеуге бекінген.

Ресми деректерге сүйенсек, мешіт 1857 жылы пайдалануға берілген. Ол жергілікті тұрғындардың өтінішімен салыныпты. Бір жарым ғасырдан астам тарихы бар ғимарат қазір қайта жаңғыртылып жатыр. 

Аталған мешіт сол кездері кәсіпкерлердің көмегімен тұрғызылған. Артынша оның жанынан медресе де ашылыпты. Ал оның құрылысын Дәулеткелдеев деген көпес өз мойнына алған. Бірақ өткен ғасырдың 30-жылдары солақай саясаттың кесірінен өңірдегі барлық мешіт жабылып қалған.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- 19-ғасырда Петропавлда 9 мешіт болған. Бұл ғибадатхана төртінші болып тұрғызылған екен. Алайда 1930 жылдары олардың есіктеріне жаппай құлып іліне бастады. Сол кезде бұл мешіт, жергілікті зауыттың қоймасына айналған. Оның бүгінгі күнге дейін сақталып қалуының сыры осында жатыр.

«Архив-2025» бағдарламасы аясында көне мешіттің тарихына байланысты маңызды құжаттар Ресейден табылды. Мамандар бұл қағаздарды жинастыруға 5 жыл уақыт кеткенін айтады.  

Сәуле Мәліков, Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік архивінің директоры:

- Біз Санкт-Петербург қаласындағы тарих архивіне, одан кейін Орынбор, Уфа, Башқұрстан архивтеріне, Омбы, Томск архивтеріне сұраулар жіберген болатынбыз. Уфа қаласындағы Башқұрстанның мемлекеттік архивінен қарап отырып, онда 1895 жылы бұл мешітің имамы Ғафиз Абдрашитов деген кісі болғанын көреміз. Сосын 600-ге жуық мұсылман сол мешітке тіркелген екен.  

Көненің көзіндей болған тарихи нысанды қайта жаңғыртуға 400 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Ең бастысы, ғимараттың бастапқы кейпі сақталады.  

Марат Кәкіжанов, құрылыс меңгерушісі:

- Енді мұнда ешқандай өзгеріс енгізбейміз. Әйнектері, есіктері осы қалпында қалады. Екі ғасырдай болған ғой, соның іргетасы шіріп, қиындық туып жатыр. Бірақ сол арматурамен қайтадан қалпына келтіріп жатырмыз.

Құрылыс жұмыстары қыркүйек айында аяқталуы тиіс. Яғни ол кезде мешіт «Ислам мәдениетінің музейі» болып қайта ашылмақ.  

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев