Абай облысында «Тұғыры биік Тарбағатай» фестивалі басталды  

Жаңадан құрылған Абай облысының Ақсуат ауылында өңірдегі алғашқы медресе ашылды. Енді аудандағы мектеп оқушылары жаз мезгілінде осы жерде діни білім алады. Сабақты алаңсыз оқу үшін 8 орындық жатақхана да салынған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұранқай қажы мешітінің жанынан ашылған медресе 15 шәкіртке шақталған. Сегіз балаға арналған жатақханасы да бар. Оқу орнының құрылысына жергілікті меценаттар демеуші болған. Медресенің ашылуына орай құран оқудан облыстық сайыс өткізілді. Оған өңірдің түкпір-түкпірінен 10-нан астам имам қатысты.

Сансызбай Құрбанұлы, ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі:

– Міне, бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. «Тұғыры биік Тарбағатай» фестивалі бісмілләмен ашылып жатыр.

Жандос Тұрсынғалиұлы, кәсіпкер:

– Халқымыздың мықты азаматтары, ғалымдар, ғұламалар медреседе білім алған. Абай атамыз, алаш азаматтары медреседе білім алып бастаған.

Ақсуатта бұл күні Қаракерей Қабанбай батырдың 330 жылдығына арналған республикалық конференция өтті. Жиынға қатысқан тарихшылар мен ғалымдардың пайымынша, баһадүрдің шайқасқан жерлері әлі күнге дейін толық анықталмаған. «Сырдария – Жетісу – Шығыс» экспедициясы барысында қолбасшының табаны тиген бірнеше тарихи орын табылған.    

Қанат Еңсенов, мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері:

– Қабанбай батырдың үлкен жорығы Үржар – Еміл шайқасы деп аталады. Бұл шайқас Тарбағатайдың күнгей жағында өткен. Үржар ауданы аумағында Қарабұйрат деген жер бар. Сол жерді өкінішке орай халық білмейді. Санаулы қариялар, олардың ұрпақтары ғана біледі.

Ал тарихшы Тұрсынхан Зәкен батырға ескерткіш орната бермей, оның қол бастаған, атой салған жерлеріне тарихи-мемориалдық кешен орнату керек деп санайды.

Тұрсынхан Зәкен, тарих ғылымдарының докторы:

– Онда соғыстың болған уақытын, жалпы мән-жайын толық жазу керек. Соғысты бейнелейтін үлкен сәулеттік кешен жасау керек. Бұл сонау түркі дәуірінен бар дәстүр.

Айта кетейік, бүгін Ақсуат ауданының орталығында «Тұғыры биік Тарбағатай» өнер және спорт фестивалі басталды. Үш күнге созылатын мәдени шара аясында қазақ күресінен Ырғызбай Досханаұлы атындағы әлемдік гран-при бәсекесі, «Асыл домбыра» айтысының финалдық сайыстары, 140 шақырымдық бәйге өтеді деп жоспарланып отыр. 

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы