Астанада "Explore Jana Qazaqstan" фотокөрмесі өтіп жатыр

"Explore Jana Qazaqstan" (Эксплор Жаңа Қазақстан) командасының үздік жұмыстары "Mega Silkway" сауда-ойын сауық орталығында көрермен назарына ұсынылды. Еліміздің көрікті жерлері мен көзтартар табиғат аясын National Geographic Kazakhstan  басылымының фотосуретшілері, трэвел-блогерлер мен журналистер түсірген. Фотокөрменің ашылуына орай астаналықтар үшін ұтыс ойындары да өткізілді.

Биыл мамыр және қыркүйек айлары аралығында Explore Jana Qazaqstan командасы National Geographic Qazaqstan редакциясымен бірге еліміздің 5 өңіріне барды. Жол талғамайтын көліктермен 10 мың шақырымды жүріп өткен фотографтар, журналистер мен travel-блогерлер тарихтан сыр шертер таңғажайып жерлерді, адам аяғы баспаған таулар мен орман алқаптарын, өзен-көлдерді, шатқал мен дархан даламызды видеоға және фотоға түсірді. 

Нұрсұлтан Сәдуақасов, National Geographic Qazaqstan өкілі:

- Жобамыздың негізгі мақсаты National Geographic Qazaqstan фотографтары мен видеографтарының жұмысы арқылы Қазақстанның ішкі туризмін дамыту. Менің ойымша, біз бұл бағытта біраз іс тындырдық. Қазақстандықтарды алдағы экспедицияларымызға бізбен бірге қатысуға шақырамыз.)

Экспедиция Маңғыстау, Түркістан, Алматы, Шығыс-Қазақстан облыстарында болды. Көздің жауын алар 3 жарым мыңнан астам фотосурет жасалды. Көрмеге флагмандық смартфон үлгісіне түсірілген үздік 30 жұмыс қойылды. 

Виталий Войшков, Samsung өкілі:

- Біз адамдардың оқшаудан шығып, таңғажайып дүниені өз көзімен көргенін қалаймыз. Біздің экспедицияларымызға қатысуға немесе өз жоспарлары арқылы саяхаттауға жанама түрде итермелеуге талпынамыз. Өзіңмен бірге үлкен техника мен апаратты арқалап жүрудің қажеті жоқ. Барлық контентті алақандағы смартфонмен-ақ істеуге болады.

Демеушілер ұтыс ойынына қатысқан азаматтарды бағалы сыйлықтармен қуантып, орталыққа келушілер Қазақстанның географиясына қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді. Фотокөрме 14 қарашаға дейін жалғасады.

Мирлан Алтынбек, Руслан Алиев, Саят Башимов