Астанада Рухани келісім күніне арналған концерт өтті

Биыл Рухани келісім қозғалысы басталғанына 30 жыл толды. Мерекеге орай Астанада халықаралық форум ұйымдастырылып, арнайы концерт қойылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәдени шара мемлекеттік академиялық филармонияда өтті. Ұлтаралық татулық пен рухани келісім күніне 10-нан астам елден делегаттар келіп қолдау білдірді. Рухани келісім күні 1992 жылы қазан айында басталған. Алматыға әлемнің түкпір-түкпірінен рухани көшбасшылары, діни конфессия өкілдері бас қосып, Рухани келісім қозғалысын бір ауыздан қолдаған еді. Бұл тарихи шешім бүгінгі күні өміршеңдігін көрсетіп отыр. Қазір мемлекеттің негізгі мерекелеренің біріне айналып биыл 30-рет тойланып отыр.

Төлеген Мұхамеджанов, Рухани келісім идеясының авторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

– Кезінде осы жасаған тірлігіміздің жаны бар екеніне көзім жетті. Өйткені біз көп конфессиялы, көп ұлтты мемлекетпіз. Бірлігіміз әрқашан да біздің бірге болсын. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп қазақ бекер айтпаған. Неғұрлым осы бейбітшілік өмірді сақтап қалуымыз керек. Сол үшін танбай әрбіріміз қолдан келгенше еңбектенуіміз керек. Сақтауымыз керек. Рухани келісім күні құтты болсын!

Концерт форум аясында ұйымдастырылды. Оған рухани саладағы ұйым өкілдері, АҚШ, Ливан, Үндістан, Швейцария, Германия, Ресей және Қырғыз елдерінен келген меймандар қатысты.

Мұратбек Бегалиев, Қырғызстан Республикасының халық әртісі:

– 30 жыл ішінде бұл мейрам өзін жақсы көрсетті. Елдің маңайы жақсы болып, тыныштық, бейбітшілікте тұралық дейді. Бірақ уақыт өзінің ұғымымен кішкене теріс бұрып қойып жатыр. Оны бәріміз түсініп жатырмыз. Міне осындай тұста әбдән керек. Сондықтан біз Қазақстанға рахмет айтуымыз керек. Бұл форум өзінің күшін әлі де көрсетеді. Тыныштықты барлық мемлекеттер арасында түзеді.

Кеш барысында 100-ден астам өнерпаздан тұратын оркестор өнер көрсетті. Сахнада Құрманғазының күйінен бастап, әлемдік деңгейдегі шығармалар мен түрлі ұлттардың халық әндері орындалды. Мерекелік шараға меймандар жоғары баға берді.

Руслан Бақытбекұлы, Руслан Алиев