Қазақстанның Халық артисі Қ.Жантілеуовтің мерейтойына орай домбырашылар жарысты

Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауылында әйгілі домбырашы, Қазақстанның Халық артисі  Қали Жантілеуовтің туғанына 120 жыл толуына арналған «Дүлділ домбыра» атты республикалық домбырашылар байқауы өтті.

Мақсат – айтулы өнер иесінің есімін халық жадында жаңғырту, оның күйлерін орындаушылардың кәсіби деңгейін шыңдау. Дәстүрлі өнерді дәріптеу арқылы ел ішіндегі жас дарындарды анықтау.  Байқауға  еліміздің түкпір-түкпірінен 23 үміткер қатысып, өзара шеберлік байқасты.

Қали Жантілеуов күйшілер отаны саналатын Жаңақала жерінде дүниеге келген. Домбыраны бала жастан меңгерген ол ұстазы Төлеш күйшіден біраз күй үйренеді. Кейін  күй өнерінде шоқтығы биік тұлғаларды тыңдай жүріп шебер орындаушыға айналады. 1934 жылы халық аспаптары оркестріне жұмысқа қабылданса, он жылдан кейін Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар кафедрасында дәріс оқиды. Шамғон Қажығалиев, Рүстембек Омаров, Мұхит Айтқалиев пен Нұрғиса Тілендиев сынды атақты күйшілер Қали Жантілеуовтің шәкірттері саналады.  

Айтжан Тоқтаған, күйші, қазылар алқасының төрағасы:

- Қалекеңнің қазақ өнеріне қосқан үлесі өте зор. Қазақтың қара домбырасын ең жоғарғы биік орындау деңгейіне дейін жеткізен адам. Ол кісі тек күй орындаушы емес керемет ұстаз да бола білген адам. Күйді жанымен түсінетін адам. Әрбір қағысын, әрбір басысын, әрбір иірімдерін дәл қайталап, өзінің үйренгені бойынша шәкірттеріне үйреткен азамат. Қалекеңнің орындаған күйлері пәлсапалық үлкен мағынаны беретін күйлер. Соны жастарымыз түсініп орындай білсе нұр үстіне нұр. 

Болат Қаденов, Қали Жантілеувтің жиені:

- 10 жасында ожаудан ешкінің шегінен иіріп домбыра жасап соны тыңдап жүрген екен қой бағып жүргенде. Бері келе үлкейе келе ол атақты күй атасы Құрманғазы, Дина әжеміз, Мәмен соларды көріп, содан бұл кісінің бір қасиеті құдайдың бергені ғой құлаққа сіңіріп сол күйлерді бүкіл қазақ еліне паш етті.  

Домбырашылар байқауына 18 бен 40 жас аралығындағы 23 үміткер қатысты. Іріктеу кезеңінде олар Дәулеткерейдің «Жігер», Мәменнің «Қайғылы қара», Құрманғазының «Кішкентай» және Құрманғазының «Адай» күйлерін орындады. Сонымен бірге қазылар алқасының сұрауы бойынша тізімдегі бір күйді орындау да байқаудың басты талабы. 

Ғалымжан Қолғанат, байқауға қатысушы / Маңғыстау облысы/:

- Бұл байқауға Маңғыстау облысынан қатысып жатырмын. Бұл байқаудың ерекшелігі ол бір ауыр да жеңіл де емес. Ең қызығы үнтаспадан ойнау керек. Ол нотаға түспеген. Оны түпнұсқа етіп те ешкім түсірмеген. Сол арқылы дайындық қиынырақ болды кішкеңе үнтаспа болған соң.  

Дарын Құдайбергенов, байқау жүлдегері /Астана қаласы/:

- Шыны керек қазір жастар бар дайындалатын, барлығына топырақ шашуға болмайды. Бірақ бұрынғыдай дайындалатын жастар аз сияқты меніңше. Ол үшін домбыраға дұрыс насихат  жасалуы  керек.  

Байқаудың екінші кезеңінде үміткерлер өз қалауы бойынша Баламайсанның «Дүниеғапыл», Құрманғазының «Ақбай», Мәменнің «17 жыл» және Құрманғазының «Терісқақпай» сынды күйлерін орындады. Қазылар құрамы домбырашылардың кәсіби деңгейіне, орындаушылық шеберлігі мен күйдің түпкі мәнін аша білуіне ерекше мән берді. 

Зәкәрия Сисенғали, ақын, қазылар алқасының мүшесі:

- Қали атамыздың өзінің көзінің тірісінде осы аудан орталығында 90 жылдғы аталып өткен болатын. 100 жылдығы респ деңгейде өте бір жоғары дәрежеде өтті. Қали атамыздың атында саз мектебі бар, Қали атамыздың атында көше бар. Болашақта осы атамыздың дәстүрін, оның өзіндік нақышын әрі қарай дамыту бағытында саз мектебінде Қали класын ашып соны жалғастыру қолға алынып жатыр.  

Тартысты өткен өнер додасында астаналық Дарын Құдайергенов пен Жаңақалалық Мұхамедияр Таңатаров жүлделі үшінші орынды бөлісті. Алматылық Тәлет Рахымбай мен Атыраулық Нұрлыбек Нажекенов екінші орынды еншілесе, бірінші орын Алматылық Ақылбек Бектасовқа бұйырды. Қазылар алқасының шешімімен «Дүлділ Домбыра» атты республикалық домбырашылар байқауының бас жүлдесіне батысқазақстандық Наурызбек Құзанбаев лайықты деп танылды. 

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов