«Аватар-2: су жолы» көрермен көңілінен шықты
«Аватар-2: су жолы» фильмінің қазақша нұсқасын 43 мың көрермен тамашалады.
Кассалық түсім 72 млн теңгеден асқан. Бұл абсолютті рекорд. Әлемде шоқтығы биік туынды қазақстандық көрерменді несімен баурады?
2009 жылы бүкіл әлем «Аватар» эпикалық ғылыми-фантастикалық фильмін көрді. Араға 13 жыл салып, әйгілі режиссер Джеймс Кэмерон туындының 2-ші бөлімін жарыққа шығарды. Көпшілік күтіп қалған екен. Фильм біздің көрермен үшін кейіпкерлердің қазақша сөйлеуімен құнды.
Былтыр Аватардың қос бөлімі қазақшаланды. Жаңа нұсқасының мемлекеттік тілде дыбысталуына үкімет 30 млн теңгеге жуық қаражат бөлген. 40 актер қатысқан жауапты жұмыс тура бір айға созылды. Онымен айналысқан мамандар он жылда бір шығатын сиквелдің көрермен есінде қаларына сенімді.
Низами Мамедов, жеке компанияның ұлттық жобалар бойынша бөлім басшысы:
- Қазақстандық дубляждың мерейі үстем. Сан тілге аударылған шетелдік фильм кейіпкерлері расында қазақша сөйлейді. Мемлекеттік тіліміз әлемдік қауымдастықтан ойып тұрып орын алды.
Естеріңізде болса, 2011 жылы «Көліктер» фильмі алғаш рет қазақ тілінде жарық көрді. Мұның үздік аударма болғанын жаһан мойынадады. Сол үдеден түспеуге барымызды салып келеміз. Әрине, біз жаңа жуынды жарыққа шығарып жатырмыз. Мамандарымыздың кәсібилігінде шек жоқ.
Орысша сеансқа сұраныс басым дегенді алға тартатын кинотеатр иелері қазақ тіліндегі туындыларды прайм-таймға қоюға асықпайды. Бұл жолы да солай болған. Бекер екен. «Аватар-2. Су жолы»-ның көрермені көп боп шықты. Яғни, жұрт қазақша киноға, оның ішінде премьераларға шөліркеген. Сондықтан болса керек, Фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасы прокат бойынша абсолютті рекорд орнатты. Кассалық түсім – 72 млн теңгеге жеткен.
Олег Рябченко, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы:
- Фильмді аударуға кеткен шығын өтелді. Мұны кассалық түсімнен-ақ аңғаруға болады. Оң тұсы бұл ғана емес. Ең бастысы, қазақ тілінің мәртебесі өскенін байқадық. Әлбетте сапалы шетелдік өнімді біз өз нарығымызда дамыта алдық. Мемлекет осындай мүмкіндік жасап отыр. Одан соң, көрерменнің сөздік қоры молайды, көкжиегі кеңейді. Бұл сәтті жұмыс болды деуге толық негіз бар.
Өкінішке қарай, кинотеатрларға мемлекеттік тілдегі көрсетілім уақыты бойынша талап қою мүмкін емес. Бұл заңмен реттелмеген дүние. Алайда, соңғы көрсеткіш оларды бір мәмілеге келтірер. Енді сұранысқа қарай аударманы жүйелеу маңызды.
Ерлан Төлеутай, киносыншы:
- Жекелеген фирмалар айналысып жатыр, тілдік қорлары өте жұтаң, қазақтың табиғатына келетін мүлде жоқ деуге болады, жасанды тіл пайда болды редакторлық мектепті бізге қайтадан қолға алу керек, оларға белгілі бір деңгейде статус беру керек, олардың ақшасын көрсең жылағың келеді, осы жетеді деп, ол жерде тіл мәселесі тұр ғой, ондай фильм көрерменің ызасын тудырады, көргің келмей қалады.
Былтыр мемлекет қолдауымен «Қара пантера: мәңгі Ваканда» фильмі де дубляждалды. Диснейдің өзі келешек жоспарын құпияда ұстайды. Біздегі дубляж саласының мамандары да осы себепті жаңа жобаларын жариялауға асықпайды.
Өткен жылы елдегі киносеанстарға 8,5 млн билет сатып алынған. Оның 6,6 млн-ы - шетелдік фильмдер. Ал ұлттық кино жанкүйерлерінің саны 930 мыңнан асады. Мамандар «Аватар 2: су жолы» фильмінің прокаты Қазақстан ғана емес, ТМД аумағында көш бастап тұрғанын айтады. Бізде мемлекеттік тілдегі қаралымның үлесі басым. Демек, қазақ тілінде сөйлейтін әлемдік фильмдер көбеюі керек. Ал көрсетілім халыққа ыңғайлы уақытқа қойылады деп үміттенеміз.