Алматыда Роза Бағланованың жеке мұражайы ашылуы тиіс

Қазақтың біртуар қызы, бұлбұл әнші Роза Бағланованың жеке мұражайын ашу – артында қалған ұрпағының арманы. Аңыз тұлғаның бірегей концерттік киімдері, көзі тірісінде қолданған ыдыстары, қолжазбалары мен фотодеректері кейінгі ұрпақ үшін құнды жәдігер, - дейді әншінің келіні Марал Бағланова. Уақыт өткен сайын құны артқанымен, тозуға бейім бұйымдар ерекше күтімді, кәсіби зерттеуді қажет етеді.

Алматыдағы мына пәтерде Роза Бағланова 15 жылдан астам уақыт тұрған. Ақтық сапарға да осы шаңырақтан аттанды. Мұндағы заттар Бағланова барда қалай тұрса, қазір де дәл солай, еш өзгермеген.  Әншінің 40 жылға жуық ойнаған фортепианосы, бірнеше сахналық көйлектері, шетелдік сапарлардан әкелген ыдыстары мен кәдесыйлары тұр. Тіпті майдандағы Отан қорғаушыларға рух берген өнері үшін алған алғыс хат пен өз қолымен жазған әндердің мәтіндері сол қалпында сақтаулы.  Пәтердегі әр жәдігердің өз тарихы бар.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Мына күміс ыдысты Роза Тәжібайқызы күнделікті тұрмыста қолданған. Жәдігер әншіге әкесінен қалыпты. Ата-анасының көзіндей болған бұйымға Роза апамыз жеміс-жидек салып қоятын, - дейді ұрпағы. Мына күміс қасықтарды әнші ас ішерде пайдаланған. Қазір бұл заттар құнды жәдігерлер қатарында.

Аңыз тұлғаның өмірінен, шығармашылығынан хабар беретін бұл заттарды келіні Марал Бағланова көзінің қарашығындай сақтап келеді. Қолда бардан бөлек, қоймада жатқандары тағы бар. Уақыт өте келе көмескі тартқан жәдігерлерді мұражайда сақтау абзал, - дейді Марал. Әуелгіде әншінің өзі тұрған пәтерді мұражайға айналдырсақ деген бастама болған. Бірақ...

Марал Бағланова, Роза Бағланованың келіні:

- Қара шаңырақ деп кішкене қимаймын, себебі өзім бұл қара шаңыраққа келін болып түстім. Немерелері дүниеге келді. Анамыз соңғы сәтіне дейін осы үйде бақытты өмір сүрді. Әрбір бұрышы анамызды есімізге салдырады. Анамыз ғана емес, халықтың адамы. Халықтың сұрауы бойынша, өзіміздің арманымыз бойынша жақсы бір мұражай ашылса деген ойдамыз. Адамдар көп жүретін жерде, мәдени жерде.

Роза Бағланова – тұтас бір дәуір. Талдырмаш кезінен бастап сахнаға шыққан әншінің сыңғырылаған даусы әлемді тамсандырған. Ол – «Кто есть кто» деп аталатын биографиялық энциклопедияның англо-америкалық шығарылымына есімі енген жалғыз қазақ. Оған деген халқының құрметі, махаббаты ерекше болды, - деп еске алады әншінің ұлы Тәжен Бағланов.

Тәжен Бағланов, Роза Бағланованың ұлы:

- Мен анаммен көпшілік жерде бірге жүрмеуге тырысатынмын. Өйткені сырт көз бізді басымыздан бақайымызға дейін зерттеп қарайтын. Бір жолы оптика дүкеніне бірге шығып қалдық. Аялдаманың тұсында анамның тыңдармандары лезде жиналып, бізді қоршап алды. Қолындағы бар дүниеге қолтаңба жаздырып алып жатты. Соңында тәртіп сақшыларының көмегімен топтан шыққанымыз бар.

2022 жылы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті. Түрлі мәдени шаралар әншінің есімін тағы бір жаңғыртып, ұлықтады. Енді жеке мұражайы ашылса, ән әлемінің Ақмаңдайы туралы барлық дерек көпке қолжетімді болар еді, - дейді ұрпағы.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бисекенов.