Қазақстандық кино Африкада көрсетілді
Отандық фильм алғаш рет Африка көрермендеріне жол тартты. Камерун астанасы Яунде қаласында режиссер Гүлнар Сәрсенованың «Нартай» трагикомедиясы көрсетілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Фильм Yahra (Яра) Халықаралық фестивалінің конкурстық бағдарламасына еніп, 4 түрлі жүлдеге ие болды. Ең үздік «ойын фильмі» деп танылды.
Айта кетерлігі, арнайы көрсетілімдер бағдарламасында отандық 4 кинотуынды көрсетілді. Оның ішінде көпшілік сүйіп көретін «Менің атым Қожа» фильмі бар. Африкалық көрермендер қазақстандық өнер туындыларына жоғары бағасын берді. Ал киноиндустрия мамандары қазақстандық әріптестерін ынтымақтастыққа шақырды. Бұл біздің шығармаларды Марокко, Тунис, Сенегал және Конго кинозалдарында көрсету мүмкіндігін туғызады.
Мусса Туре, режиссер, Канн фестивалінің лауреаты:
- Мен сіздің еліңізде түсірілген ойын фильмін алған рет тамашаладым. Бұрын қазақстандық деректі фильмдермен ғана таныс болатынмын. Кино маманы ретінде өзге ел кәсіпқой мамандары ұсынған жұмысты көріп, ондағы кинематографияны, кино тілін түсінуге тырыстым. Ерекше, керемет әсердемін. Фильмді көріп отырып шынайы өмір, оқиғаның куәсі болдым.
Андре Иванов, Франциядағы Қазақстан киносы қауымдастығының президенті:
- Олар үшін Қазақстан, Орталық Азия елдері экзотиканы білдіреді. Сол себепті ерекше қызығушылық туындайды. Алдағы уақытта мәдени дипломатия жалғасуы керек деп ойлаймын. Осы Yarha (Яра) фестивалімен серіктестік келесі жылы жалғасуына тілектеспін. Бұл Қазақстанның оң имиджін ілгерілетуге өз үлесін қосады.