Парижде «Әлем картинасы» таныстырылды
Бұл – қазақ жерінен бастау алған халықаралық деңгейдегі әлеуметтік жоба. Қазірдің өзінде оған дүние жүзі бойынша 2 мыңнан астам адам қосылды. Олардың арасында президенттер, әлем жұлдыздары мен қарапайым тұрғындар бар, деп хабарлайды «Хабар 24».
Юнесконың штаб-пәтерінде бір-ақ күнде үлкен сурет шеберханасы пайда болды. Дипломаттар мен делегаттар World painting арт-жобасымен танысып, жүрекжарды тілектерін білдірді.
Эрнесто Оттоне, ЮНЕСКО бас директорының мәдениет мәселелері жөніндегі орынбасары:
- Бейбітшілікке шақыратын мұндай картина әсіресе қазіргідей қиын-қыстау кезеңде аса қажет. Ол әртүрлі елдерді, мәдениеттер мен діндерді жақындастырады. Осылайша, мәдени мұралардың, өнердің адамдарды табыстыра алатын қабілетке ие екеніне көз жеткізе түсеміз. Креативті қазақстандықтардың идеясы бойынша жасалған бұл жоба бізді осындай оң істерге жетелейді.
Ерлі-зайыпты Дана Орманбаева мен Дәуіт Шайхисламовқа бұл идея пандемия уақытында келіпті. Ол кезде шекаралар жабылып, жұрт үрей құшағында өмір сүрді. Ал қазір «Әлем картинасы» дүние жүзін шарлап жүр. Өнер туындысында бейбітшілік, жақсылық көрініс тапқан.
Дәуіт Шайхисламов, World Painting жобасының авторы:
- Бұл картина бүкіл адамды біріктірді. Ту немесе елтаңбаны, игілікті бір белгіні көрген адам «жоқ, мен бұған атсалыса алмаймын» деп әсте айтпайды. Адамдар риза болып жатыр. Осы ризашылық қалыпты жағдайға айналуы тиіс.
Қазақстанның Франциядағы елшілік өкілдері де картинада өз қолтаңбасын қалдырды. Оның үстіне бұл туынды жаппай сурет салу бойынша әлем тарихында рекорд ретінде тіркеліп үлгерді.
Марек Хальтер, жазушы:
- Таң қалысымда шек жоқ. Сурет сала алмайтын адамдардың өзі қолына қылқалам алды. Бұл өте маңызды. Өйткені өмір дегеніміз – із қалдыру. 8 млрд адам «бейбітшілік» деп жазса, бүкіл адамзат осы сөздің қадірін түйсінер еді. Бәрі кішкене қадамнан басталады.
Картина «әлемдік саяхатын» әрі қарай да жалғастырады. Халықаралық арт-жоба қазірдің өзінде көптеген адамның жүрегінде бейбітшілік алауын жақты.
Авторлары: Ернат Мелсұлы, Әлия Сыздықова.