Алматыда «Күй төресі Қазанғап» үш томдығы жарық көрді
«Күй төресі Қазанғап».
Алматыда белгілі өнертанушылар Абдулхамит және Сайра Райымбергеновтердің дәулескер күйшінің өмірі мен шығармашылығына арналған монографиясы жарық көрді. Жинақ үш томнан тұрады. Бірінші томы қазақ тілінде, екінші томы орыс тілінде басылған. Ал үшінші кітапта Қазанғап күйлерінің нотасы жарияланған. Авторлар "бұл-интерактивті кітап" дейді. Мысалы, күйлердің тарихын оқып, қасындағы QR кодты бассаңыз бейненұсқасын да көре аласыз. Монографияда Қазанғаптың 73 шәкіртінің өмірбаяны жазылған. Мұнда да QR кодтың көмегімен өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бергі бейнетаспаларды көруге болады. Таныстырылымның соңы концертке ұласты. Қазанғап Тілепбергенұлы 1854-1921 жылдар аралығында өмір сүрген қазақтың әйгілі күйші-композиторы. Оның «Көкіл», «Ілме», «Ақжелең», «Бөгелек» секілді күйлері тыңдарманға жақсы таныс.
Абдулхамит Райымбергенов, күйші, өнер зерттеушісі:
- Бұл істі мен 1978 жылы бастаппын. 78-жылдан бастап қанша экспедицияға бардым. Сонау Ақтөбе облыстарының бүкіл аудандарын араладым. Мына жағында Түрікменстанға шығып кеттім. Мына жағында Қарақалпақстанға шығып кеттім. Мына жағында Доңызтау. Қай жерде Қазанғаптың күйін орындайтын ақсақал бар десе, соның ізбасарлары бар десе солардың ізімен.