«Қазақ» газетіне 110 жыл толды
Бүгін «Қазақ» газетінің алғашқы саны шыққанына 110 жыл.
1913 жылы 2 ақпанда «түңдігі батыстан ашылған ақбоз үйді» тұмар еткен газеттің алғашқы саны шыққан еді. Бұл ХХ ғасыр басында қазақтың ұлттық мүддесі, тарихы мен мәдениеті, тұрмыс-тіршілігінің айнасы болған басылым.
Газет материалдары бірнеше жыл бұрын жинақталып кітап болып шыққан. Дегенмен ол толық нұсқа емес. Басылымның 17 саны әлі табылмай отыр. Бес жыл жарық көргенде 4000-ға жуық бүркеншік есім пайдаланыпты. Мұның сыры әлі ашылған жоқ. Бүгін Алматыда ғалымдар жиналып, газеттің тарихын тағы бір зерделеді.
«Қазақ» газеті шын мәнінде қазақ қоғамындағы ұлттық күреске бағытталған, ұлттық сананы оятқан тегеурінді басылым болды. 1913 жылы жарыққа шыққан газеттің бес жыл ішінде 8 мыңға жуық тиражы тараған. Соңғы жылдары ғалымдар газетті Түркияға жаздырып алған абоненттерді тапқан. Бұл басылымның маңыздылығын тағы бір айғақтайды, - дейді зерттеушілер.
Мәмбет Қойгелді, тарихшы, ҚР ҰҒА Академигі:
- Қазақ газетін газет деп айтуға ауыз бармайды. Оның қызметі оның ауқымынан анағұрлым асып жығылады. Байтұрсынұлы басқарған, негізін қалаған, оған Бөкейханов атсалысқан, Міржақып Дулатов атсалысқан басылым, қазақ өміріне байланысты іргелі фундаментальді мәселелерді көтерді. Оның шешімін айтты. Оның сол жоспарлы жұмыстардың іске асуына бар күшін салды. Аяғына жеткізуге мүмкіндігі болды.
«Қазақ» газетінің тек 1913,1914, 1915 жылдары шыққан сандары кириллицаға аударылып, кітап болып басылды. Яғни мерзімді басылымдағы материалдар әлі толықтай оқырман қолына тиген жоқ. Әрі газеттің табылмаған санадары да бар. Бұл ұлттық баспасөзіміздің толық жылнамасын жасауға кедергі келтіріп отыр, дейді ғалымдар.
Елдос Тоқтарбай, алаштанушы-ғалым:
- Қазір «Қазақ» газетін зерттеп, «Қазақ» газетінде есімі анықталмаған тұлғаларды анықтап отырмыз. Жалпы «Қазақ» газетінде 3866 бүркеншік есім бар. Яғни олардың кім екені анықталмаған. Болашақта біз бүркеншік есімдер сыры деген кітап дайындап отырмыз «Қазақ» газетінің негізінде. Әлі «Қазақ» газетінің 17 саны табылған жоқ. Табылмаған нұсқалар, шетелдегі абонеттердің сақталған коллекциялық қорлардан не болмаса Ресейдің мұрағаттарынан табылып қала ма деген үміт бар.
«Қазақ» газетінің сарғайған беттеріндегі құнды мақалалар әлі де зерттеуді, зерделеуді қажет етеді. Мәселен, қазақтың жерін қалай игеру керек, асыл тұқымды малды қалай алу керек, ауыл шаруашылығына, дәнді дақылға, жерасты, жерүсті байлықтарын игеруге қатысты мақалалар зерттеушілерін күтіп тұр.
Жандос Айтбай, Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев