Астанада «Гауһартас» сазды драмасының премьерасы өтті
Астанада «Гауһартас» музыкалық драмасының премьерасы өтті.
Жазушы, драматург Дулат Исабековтің повесі бойынша сахналанған қойылым Жас көрермендердің музыкалық театрында көрсетілді. Жетпісінші жылдары қой бағып, қарапайым тіршілік кешкен шағын отбасының өмірі арқау болған шығарма рухани құндылықтарды дәріптеп, жар қадірін ұғыну, махаббат пен бақыт, шынайы сезімді бағалауға шақырады. Музыкалық драманың авторы Қазақстанның еңбек ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков. Қоюшы режиссері және сахналық нұсқасын жасаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. «Гауһартас» повесінің сахналық нұсқасын 19-шы, 20-сыншы ақпан күндері Жас көрермендердің музыкалық театрында тамашалай аласыздар.
Дулат Исабеков, Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, драматург:
- Өзім қобалжып келіп тұрмын. Премьераларға да көбісіне бара бермеймін. Бұл жолы бәріміз келдік. Өйткені бұл «Гауһартас». Оның прозалық шығармасының өзінің өрісі бір басқа, кинофильмі бір басқа. Менің баяғы 1967 жылы жазған, етігімнің қонышына дәптерді общий тетрадьты тығып жүріп жазған шығармаммен енді сахнада жолығайын деп жатырмын. Сәтті болсын деп тілеймін!
Асхат Маемиров, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Осы қойылымға біз қазақ қоғамындағы отбасы, рухани құндылықтарды арқау еттік. Әсіресе ананың ролі, әкенің ролі қандай болады. Сондықтан да осындай қазақтың қарапайым, отбасысының өмірі арқылы адамдардың жан дүниесін көрсеттік. Бұл спектакльдің басты идеясы шаңырақты бақытын, махаббатын қызғыштай қорғау.