Елімізде темірден жасалған киіз үйге сұраныс артты

Түркияда жер сілкінісінен жапа шеккендерге Қазақстаннан жіберілген киіз үйлердің біразы Жетісу облысында жасалды.

Нақтырақ айтқанда Көксу ауданының Мұқыры ауылында әзірленді. Ұлттық құндылығымызды қазіргі заманға сай бейімдеген өндіріс орнында  30 адам жұмыс істейді. Темірден түйін түйген шеберлер күніне үш үй құрастырады. Уығын иіп, керегесін дәнекерлеп, жабындыларын да тігеді.

Киіз үйдің шаңырағы мен керегесін дәнекерлеп, уығын ию Азат Бағдаттың міндеті. Темір ұстасы күніне бір үйдің бөлшектерін дайындайды.   Құрастырылған мұндай баспананың өзіндік артықшылығы бар, - дейді шебер. 

Азат Бағдат, дәнекерлеуші:

- Бұл төрт бұрышты труба болғаннан кейін жеңіл болады. Алып жинағанға қолайлы. Тез тігіледі, тез құралады деген секілді. Тез қайтадан бұза салуға болады. Өте қолайлы.

Шеберханада киіз үйдің жабындылары да тігіледі. Оған киізбен қатар мақта және су өткізбейтін брезент қолданылады. Ал ою-өрнектер арнайы тапсырыспен матаға басылады.  

Жолдыхан Зияутдинқызы, шеберхана меңгерушісі:

- Шыдамдылығы былай он неше жылға кете береді ары қарай. Бір қазақ үйге 150 метр бұл кетеді. Және мына шекпеннен 150 метр кетіп қалады. Біз 8 метрлік, 10 метрлік үй тігіп жатырмыз.

Өндіріс орны жеті жылдан бері жұмыс істейді. Шеберлер қолынан шыққан 34 киіз үй бауырлас Түркияға жіберілген.

Жарқын Қайсаұлы, кәсіпкер:

- Біздің ата бабамыз қазаққа пана болған осы шаңырақ туысқан ұлт түріктердің баспанасыз қалған туысқан ұлттарға барып баспана болғанына өте қуандым. Бір кісідей үлес қосқан құсап қуандым. 

Заман талабына қарай бейімделген тауарға әлі де тапсырыс көп. Шеберханадағылар күн жылынғанша киіз үйдің 70-80 данасын жасап шығармақ.  

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев