Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Б.Қайырбеков 70 жасқа толды
Қазақстанның еңбек сіңіріген қайраткері, кинорежиссер, ақын әрі аудармашы Бақыт Қайырбеков 70 жасқа толды.
Мерейтой иесін құттықтауға туған-туыстары мен дос-жараны, және әріптестері жиналып, керемет естеліктер айтылды. Көршілес елдердің әдеби-ғылыми орталығының өкілдері де бейнебайланыс арқылы Бақыт Ғафу-ұлына жылы лебіздерін білдірді. 100-ден астам деректі фильм түсірген Бақыт Қайырбеков, қазақтың жырау-лары мен көптеген ақын-жазушылардың шығармаларын орыс тіліне аударған. "Қазақфильм" киностудиясында, Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешенінде қызмет еткен Қайырбеков әлі де шәкірт тәрбиелеп, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында ұстаздық етіп келеді. Қолы қалт етсе, өлең жазып, суретке түсіреді. Оның шығармаларында тек өзіне ғана тән ерекшеліктері бар, - дейді әріптестері.
Элеонора Сүлейменова, профессор:
- Ол өзінің фильмдерімен көптің дүниетанымын өзгерткен тұлға. Барлық туындылары тереңдігімен, сапасымен, интелектісі арқылы таңқалдырады. Оның шығармаларынан туған жеріне деген сүйіспеншілікті аңғаруға болады. Барша қазақстандықтар үшін, әсіресе, жастар үшін оның, кино туындыларының, поэтикалық шығармаларының берер тәлім тәрбиесі мен тағылымы мол деп айтар едім.