Атырауда студенттік театрлар фестивалі өтті

Атырауда Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған «Бейбіт күннің батырлары» атты студенттік театр фестивалі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24»

Шара тұңғыш рет мюзикл жанрында ұйымдастырылды. Жарысқа өңірдегі техникалық бағыттағы оқу орындарының студенттерінен құралған 9 театр қатысты. Іс-шарада батырдың ерен ерлігі насихатталды. Қатысушылар «Көрермен көзайымы», «Үздік актер мен актриса», «Үздік режиссер» секілді 9 аталым бойынша марапатталды. Бұл іс-шара техникалық бағытта білім алып жатқан жастардың жаңа ізденістерге жол ашуына мүмкіндік береді, - дейді ұйымдастырушылар.

Гүлзада Шакуликова, Мұнай және газ университетінің ректоры:

- Біз техникалық мамандықтарды даярлайтын университетпіз ғой. Бірақ оған қарамастан, жастардың шығармашылық жағын дамыту, оның ішінде өзіміздің қазақ батырларын білу, оларды бағалау, олардың бойындағы адамгершілік қасиеттерін өзінің бойына енгізу біздің ең маңызды, ең керекті, ең негізгі мақсатымыз деп есептеймін.