Астанада Испания мәдени іс-шарасы өтті
Аталмыш шараға шетелдік дипломатия өкілдері мен Испаниядан келген арнайы қонақтар қатысты. Шараның басты мақсаты – екі ел арасындағы білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту және дамыту, деп хабарлайды «Хабар 24».
Расул Мерали – болашақ дипломат. Қазіргі таңда қоғамдық дипломатия саласында қызмет атқарып жатыр. Болашақта Қазақстан мен Испания арасындағы қоғамдық ынтымақтастықты дамытқысы келеді. Осы орайда испан тілін үйреніп жүр. Оның айтуынша, Испания – Еуропадағы тарихы терең, ең көне мемлекет, ал испан тілі қызықты әрі халықаралық тілдер қатарында дейді. Себебі әлемнің 20-ға жуық мемлекетінде испан тілі қолданылады.
Расул Мерали, қатысушы:
- Мен үшін испан тілі өте маңызды. Өйткені ол әлемнің 6 тіліне кіреді. Сондықтан испан тілі жаңа әлемді ашады. Біздің халқымыз үшін, біздің қоғам үшін ол өте маңызды.
Испания мәдениеті басқа да еуропалық елдерден айтарлықтай өзгеше. Себебі көптеген дарынды суретшілер, музыканттар және жазушылар осы елде дүниеге келді. Ал Испания сөзі «қояндар жері» деген мағына береді. Соңғы жылдары елімізде испан тіліне, мәдениетіне жастардың қызуғышылығы артып келеді.
Айжан Құсайынова, ұйымдастырушы:
- Бұл шараның біз үшін маңызы зор, себебі шетелдік дипломаттар мен Испаниядан арнайы қонақтар қатысып жатыр. Испанияда білім алғысы келетін қазақстандық студенттердің саны жыл сайын артып келеді.
Испаниядан арнайы келген қонақтар қазақтың мәдениетімен жақын танысу үшін қаланың көрікті жерлерін аралады. Арқаның ерке, сұлу Көшетауына ат басын тіреп, Бұрабайды тамашалады.
Бегонья Льйовет, Испан тілі қауымдастығының өкілі:
- Мен Қазақстанға келгеніме қуанып тұрмын. Маған халықтың қонақжайлығы қатты ұнады. Адамдар өте сыпайы әрі салмақты.
Мерседес Милан, Испания елшілігі миссиясы басшысының орынбасары:
- Биыл мәдени орталыққа 10 жыл толды. Қазақстан мен Испания арасындағы дипломатиялық, экономикалық және мәдени қатынастар қарқынды дамып жатыр.
Айта кеткен жөн, Қазақстан мен Испания арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 ж. 11 ақпанда орнатылды. Содан бері сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-білім беру саласындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Мәселен, елі ел арасындағы тауар айналымы $2,2 млрд жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 47%-ға өскен.
Авторлары: Ерлан Шаншархан, Серік Қоңырбаев.