Қазақстанда Масленица мерекесі тойланып жатыр
Еліміздің түкпір-түкпірінде Масленица мерекесі тойланып жатыр. Бұл мейрам әу бастан ынтымақ пен бірлік мейрамына айналып кеткен.
Дәстүрлі мерекеге орай Павлодар қаласында концерттік шаралар өтті. Ал Тараз халқы қолөнер шеберлерінің көрмесін ұйымдастырды.
Павлодарлықтар орталық саябаққа жиналды. Мерекені арнайы атап өтуге келгендердің қатарында қала тұрғыны Наталья Раисова бар. Ол жұртшылық назарына өзі жасаған дәстүрлі қуыршақтарын ұсынды.
Наталья Раисова, қолөнер шебері:
- Бүгін керемет күн. Күн шығып, көктемнің легі сезіліп тұр. Тұрғындардың көңіл-күйі де көтеріңкі. Бұл мерекені отбасымызбен тойлаймыз. Дастархан жайып, құймақ әзірлейміз. Бұл мерекені асыға күтемін.
Игі дәстүр бойынша балаларға арналған көңілді байқаулар өткізілді. Славян орталығының шығармашылық ұжымдары ән мен биден шашу шашып, жұртшылықтың көңілін көтерді. Күннің салқындығына қарамастан, жиналған халықтың қарасы қалың болды.
Ал тараздықтар Масленицаға орай кең дастархан жайып, жиналаған халыққа дәстүрлі тағамдардан дәм татқызды. «Шахристан» алаңына қолөнер шеберлері келіп, көздің жауын алар бұйымдарын көрмеге қойды. Ал өнерпаздар мерекенің көрігін қыздырды.
Владимир Сорокин, "Радонеж" орыс қоғамының өкілі:
- Көктемнің келуін ұзақ күттік. Түн қысқарып, күніміз ұзарып жатыр. Бұл қарапайым мереке емес. Баршамыз үшін жақсылық пен бірліктің символы іспеттес.
Масленица ақпанның соңғы аптасы бойы тойланады. Әр күннің өзіндік ерекшелігі, дәстүрлері қалыптасқан. Мәселен, сенбі күні қонаққа бару керек болса, жексенбі күні барша жұрт бір-бірінен кешірім сұрайды.
Ақмарал Есімханова, Анастасия Сулейменова және Марат Игіліков