Павлодардың тарихи - өлкетану музейінің қоры толығып келеді
«Жәдігер жерде қалмасын!».
Павлодардағы Григорий Потанин атындағы тарихи - өлкетану музейінің қоры жыл сайын толығып келеді. Бүгінде экспонаттар саны 150 мыңнан асып кеткен. Оның көбі экпедициялық және архелогиялық жұмыстар барысында табылған дүниелер. Біразын жергілікті тұрғындар тапсырған.
«Жәдігер жерде қалмасын» акциясын естіген Екібастұз қаласының тұрғыны қолдан тоқылған алаша әкеліп тапсырыпты. Алаша - қолөнер туындысы. Сыры кетпеген тұрмыстық бұйым халқымыздың бай мұраларының бірі. Ал ернеуі күміспен қапталған ағаш тостаған, бие саууға арналған көнек те жәдігерлер қорын толтырды. Айта кетер болсақ көнек сиырдың бас және мойын терісінен жасалады. Оның теріден және ағаштан жасалатын екі түрі кездеседі. Мұндай заттар халық арасында әлі де бар екен.
Әлия Жомартова, Г. Потанин атындағы облыстық тарихи өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы:
- Ата-әжелерінің үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізген жастар ескі заттарды лақтырып тастайды. Олар тарихи маңызы зор құжаттарды, тұрмыста қолданылған ғажайып дүниелердің қоқыста кеткенін білмей де қалады. Біздің акциямыз музей қорын толтыруды емес құнды жәдігерлерді табуды мақсат етеді.
Тұрғындар ескі заттарға бейжай қарамаса екен дейді музей қызметерлері. Олар үйлердің шатырында, әжелеріміздің сандығында жатқан көне жазбалар, тұрмыстық заттар, маңызды құжаттар болуы мүмкін. Өлкентану музейінде Ертіс өңірінің бай тарихынан сыр шертетін 150 мыңнан аса экспонат сақталған.
Әлия Жомартова, Г. Потанин атындағы облыстық тарихи өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы:
- Біз өзге музейлерде жоқ коллекциялармызбен мақтана аламыз. Ол біздің ашық аспан астындағы теңдесі жоқ палеонтологиялық «Құс қонақ» коллекциясы. Сонымен қатар экспонаттарымыздың қатарында зергерлік бұйымдар, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған заттар мен өте бай құжаттар жиынтығы бар.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Музей қоры жуырда ғана жаңа жәдігермен толықты. Ол он тоғызыншы ғасырда қолданыста болған шоқпар. Бұл қаруды Аққулы ауданының тұрғындары тапсырған.
Павлодардың тарихи - өлкетану музейіне Алматы, Астанамен қатар көрші Ресей Федерациясының ғалымдары жиі келіп, түрлі зерттеулер жүрізіп жатады. Музей қызметкерлері әрбір жәдігердің тарихы мен шығу тегі жайында ғылыми экспонаттар каталогын жасап шығарады.
Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат