Алматыда «Больше чем любовь» фильмінің премерасы өтті
Алматыда көптен күткен «Больше чем любовь» фильмінің премерасы өтті. Екі ғасырдың оқиғасын бір арнаға тоғыстырған, екі елдің достығын ту еткен туынды көрерменге жол тартты. Бұл – Грузия киношеберлері мен отандық мамандардың бірлескен жобасы, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жаңа фильмнің сюжеті екінші дүниежүзілік соғыста болған қаруластардан басталады. Қазақ пен Грузин жауынгері мың жылдық құда болуға уәделеседі. Соғыс ардагерлерінің аманаты кейін немерелеріне жүктеледі. Шытырман оқиға бүгінгі күнмен өрбиді.
Тәуекел Мүсілім, актер:
- Киноның бастамасы өте керемет. Бір-біріне деген адалдық, достық сол эмоцияларды, жалпы, сол қарым-қатынасты көрсетеміз. Шет елде, басқа елде жұмыс істеу тамаша. Өйткені олардың деңгейі әртүрлі, жұмыс әдісі әртүрлі, түсірілім әдісі әртүрлі. Мен үшін жеке үлкен тәжірибе болды. Оның үстіне актерлік құрамды айтатын болсақ, мықты, білікті актерлер.
Кино 2 елде түсірілді. Мысалы, Тблиси қаласының маңында соғыс қойылымдары және Грузияға қатысты кадрлар таспаланған. Алматыдағы түсірлім Медеу, Цирк және басқа да тарихи жерлерде өтіпті. Шығармашылық топтың айтуынша, пандемия жағдайына байланысты бірқатар жоспар өзгерген.
Георгий Кикалеишвили, фильмнің режиссері:
- Бұл – 2 елдің алғашы ортақ фильмі. Шебер режиссер Жеңіс Тұматаев екеуміз ортақ жобаны ойдағыдай түсіре алдық деп ойлаймын. Түсірілім кезінде қиындықтар көп болды. Мысалы, түсірілім 2020 жылғы күшейтілген карантинге тұспа-тұс келіп қалды. Барлығы жабық болғандықтан жұмысымыз уақытша тоқтап қалды.
Еске сала кетейік, бұл фильм – танымал актер Фархат Абдраимов соңғы түскен картинасы. Ал грузиндік актер Вахтанга Кикабидзе де 2 ай бұрын қайтыс болды. Комедиялық туынды ертеңнен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілімін бастайды.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов.