Қостанай жұртшылығы «Алтын адамды» тамашалады
Қостанай жұртшылығы көне тарихтың куәсі болды.
Тұңғыш рет үш «Алтын адамның» көрмесі жергілікті музейде қойылды. Келушілер Есік қорғанында табылған Алтын адамнан бөлек Сармат көсемін және Тақсай ханзаданың құнды заттарын тамашалай алды. Ғасырлар куәсі болған құнды жәдігерлер көрмесі бір жарым айға созылады.
Ұлтты музей қорындағы бір емес, үш «алтын адамның» ел аралауы тарихи құбылыс. Есік қорғанынан табылған, өркениет шыңы деп бағаланған «Алтын адам» қостанайлықтарға жақсы таныс. Оның көрмесі жеті жыл бұрын Ыбырай Алтынсарин музейінде ұйымдастырылған. Ал Сармат көсемі мен Тақсай патшайымы тың дерекке толы. Археологтар көсемді Аралтөбе қорғанынан тапса, ханзаданың жеке заттары 2012 жылы Батыс Қазақстан облысында жасырынып көмілген.
Абай Сатыбалдин, ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары:
– Экспозицияға қойылған артефактілер сақ-сармат дәуіріне жатады. Осы көрмемен шетелге де шықтық. Шетелдің музейлеріне көрсеттік. Былтыр Павлодар тарихи-өлкетану музейінде көрме қойдық. 14 наурызда Түркістанда Әзірет Сұлтан музейінде Берен қорғанында табылған алтын экспонаттарды қоямыз.
Тақсай патшайымның барлық әшекейі түпнұсқа. Қарасаң, көз тоймайды. Осыдан-ақ сақ дәуірі шеберлерінің алтын бұйымдар жасау технологиясындағы жетістігін байқауға болады.
Рауан Байдалы, тарихшы:
– Шынының астындағы жәдігерлер бұлар түпнұсқа. Мынаның ішіндегі өте құнды жәдігерлер біз сабақ барысында айтып қарастыратын боламыз - біздің заманымызға дейінгі жазу. Бұл біздің мемлекеттікті, өркениетті білдіреді. Сонда біздің өркениетке үлес қосқанымызды осындай жәдігерлер арқылы анықтаймыз.
Дала өркениетін, қала мәдениетін паш ететін «Алтын адамдар» жер астында жетерлік, дейді тарихшылар. Өкініштісі, табылған қорғандардың дені тоналған. Қазір қазба жұмыстары Ақмола облысында басталды.
Абай Сатыбалдин, ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары:
– Қазіргі кезде тоғыз «алтын адамның» реконструкциясы жасалған. Әр «алтын адамның» өз ерекшеліктері бар. Мысалы Есік қорғанында табылған «Алтын адам» ол тоналмаған. Сақталған сол күйінде. Сосын Шығыс Қазақстанда Елеке сазында табылған адам ол да тоналмаған қорған. Ал басқа қорғандарда табылған «алтын адамдар» олар бұрынғы кезде тоналған. Кейбір заттары қалған бізге.
Жәдігерлер облыстық тарихи-өлкетану мұражайында 21 сәуірге дейін тұрады. Бағалы мұралармен жақынырақ танысып, естелік суретке түсемін деушілерге кіру тегін.
Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров