Алматыда бізкесте өнерінің көрмесі ашылды
Алматыдағы Қыздар Педагогикалық университетінің Dala Art галереясында суретші Айнұр Өмірзақтың жеке көрмесі ашылды.
Алуан түстер үндескен картиналар бізкесте әдісімен жасалған. Ұмыт қалған бұл өнер түрін соңғы жылдары Қытайдан, Моңғолиядан келген қандастарымыз қайта жаңғыртып жүр. Солардың бірі Айнұр Өмірзақ жаңа көрмесін «Ана бақыты» деп атапты. Көрмеге отбасылық жылылық, ана мейірімі, берекелі тұрмыс, сұлу табиғат бейнеленген 30-ға жуық жұмыс қойылған. Қылқалам шеберінің ата-анасы да суретші, қолөнер шеберлері. Отбасылық мектептен тәлім алып, талантын шыңдаған Айнұрдың еңбегіне кәсіби мамандар жоғары баға берді. Ал Наурыз мерекесі қарсаңында бізкесте әдісімен жасалған картиналардың көрмесі АҚШ-та ашылады.
Айнұр Өмірзақ, Суретшілер одағының мүшесі, бізкесте шебері:
- Ана өмірге сәби алып келеді, соны тәрбиелейді, соған еңбек жасайды, бала тәрбиесіне өте жақсы қарайды. Сол үшін жұмысымды, өзім де көп балалы анамын, төрт балам бар, соған байланысты «Ана бақыты» деп қойдым жұмысымды.