Қазақстандықтар үшін Наурызды Түркістанда қарсы алу дәстүрге айналып келеді
Қазақстандықтар үшін Наурызды Түркістанда қарсы алу дәстүрге айналып келеді.
Биыл да елдің түпкір-түпкірінен рухани астанаға халық ағылатын сияқты. Бұған дәлел, қазірдің өзінде ұшақ, пойыздарға билет жоқ. Мамандар облыс орталығындағы ірі қонақ үйлерде де орын тапшы екенін айтады.
Түркістан төрі жылдың қай мезгілінде де қонақтардан босаған емес. Ал облыс орталығына айналған соңғы 5 жылда мұнда келушілердің саны еселеп көбеймесе, азайған жоқ. Мамандар соңғы жылдары ел тұрғындары Наурызды осында қарсы алуды дәстүрге айналдырғанын айтады. Сондықтан мереке күндері мұндағы қонақ үйлерде орын болмайды.
Диас Халкулов, қонақүй менеджері:
- Наурыз мерекесі күндері біздің қонақ үйде бос орындар болмайды. Қонақтарымыз алдын-ала броньдап қойған. Мысалы осы наурыз мерекесіне ең алғашқы броньды біз былтыр күзде қабылдадық. Негізінен бізге өзіміздің Қазақстанның әр аймағынан келген азаматтар тоқтайды. Алыс-жақын шетелден де келіп жатқан қонақтарымыз бар.
Шаһарда оннан аса ірілі-ұсақты қонақ үй бар. Барлығында осындай жағдай. Ұлыстың ұлы күнін осында тойлауды жоспарлаған саяхатшылар нөмірлерді алдын ала брондап қойған. 18-23 наурыз аралығында Түркістанға 26 әуе рейсі келеді деп күтілуде.
Нұрдәулет Медеуов, облыстық туризм басқармасы басшысының м. а.:
- Ішкі рейстермен келетін қонақтардың саны 2500 ге жетіп қалады. Бізде Түркістан қаласында 1300 дей нөмірлік қорымыз бар. Олардың бәрі толықтай сатылымға кірді деп айта аламыз. Жақын орналасқан Кентау сияқты қалаларда нөмірлер азайып бара жатыр. Қонақтар сонда орналасуда. Әзірет сұлтан қорық мұражайында бізде ең көрнекті туристік нысандардың бірі ясауи кесенесі. Келетін қонақтардың саны 10 000 ға жақындап қалады.
Наурызды осында қарсы аламыз деп шешкен 10 мыңдай қонақ үшін Түркістанның да дайындап қойған тосын сыйы көп. Биыл әз наурызды облыс аумағында 10 күн бойы атап өту жоспарланған. Онда жүзден аса түрлі мерекелік қызықты іс-шаралар өтпек.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш