Шымкентте археологиялық көрме ашылды

Жұртшылыққа жергілікті археолог-ғалымдардың 50 жыл ішінде тапқан құнды жәдігерлері таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Археологтар Қарауыл төбе, Қара төбе, Алтын төбе сынды қазба ескерткіштері маңында мыңдаған құнды олжаға тап болған. Көрмеде осы қыш құмыралардың сынықтары, темір бұйымдар мен 2 мың жылдан астам тарихы бар бөлшектелген тас тақтайшалар қойылды.

Археологиялық жәдігерлермен танысқан ғалымдар халықаралық ғылыми-конференцияға қатысты. Басқосуға Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей мемлекеттерінің профессор ғалымдары мен еліміздің өзге де аймақтарынан тарихшылар арнайы шақыртылды. 

Ақан Оңғарұлы, ҚР Ғылым академиясы археология институтының директоры:

- Қазақстан жеріндегі ең алғашқы мемлекеттер қандай болды? Қазақстан бойынша тек қаңлы емес, ғұндар, үйсіндер қалай құрылды? Өзара қарым-қатынастары қалай болды? Этносаяси жағдайы қалай болды? Мәдениеті қандай болды? Осы тақырыптар бойынша жаңаша зерттеулерді талап етеді. Сондықтан да бүгін Еуразия бойынша осы саладағы мықты ғалымдарды жинай отырып, осы мәлелерді талқылап, өзіміздің зерттеулер бойынша жұмыс жасайтын боламыз.