Көкшетаудың білім ошақтарында бір мерзетте қазақ күйлері орындалды
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Көкшетаудағы барлық білім ошағының тәрбиеленушілері бір мезетте қазақ күйлерін орындады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Рухани шараға мектеп оқушылары ғана емес, балабақша балғындары да қатысты. Басты мақсат – жас өрендердің бойындағы патриоттық сезімді оятып, ұлттық құндылықтарды насихаттау.
Бүгінде аймақтағы 500-ден астам оқу ордасында арнайы домбыра үйірмесі жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 18 музыкалық мектепте 5 мыңға жуық балғын ұлттық аспапты жетік меңгерген.
Жалпы, облыс бойынша домбыраны жанына серік еткен жасөспірімдер саны жыл санап артып келеді. Сол себепті оқушылар осындай шараларға әркез қатысуға ниетті.
Жалғас Серік, оқушы:
- «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» демекші, қазақтың ұл-қыздары домбырада ойнап жатыр. Бұл өте жақсы. Осындай челлендждер көп өтсе екен деп армандаймын, тілеймін. Домбыраның үнін естіген кезде мен қазақ болып туғаныма мақтанамын. Мен 5 жасымнан домбырамен айналысып келемін. Маған өте ұнайды.
Ардақ Ахметжанова, М. Ғабдуллин атындағы көпбейінді №3 мамандандырылған мектеп-гимназиясының директоры:
- Биылғы жылы жаңадан 20 домбыра сатып алдық. Келесі жылы да сондай меже көзделіп отыр. Жылдан жылға үйірмеге қатысатын балалар көбейіп келеді. Сондықтан оның кең таралуына қызығушылық бар.