Семей тұрғыны өзі жасақтаған сақ шатырында күн кешіп келеді
Семейде қала тұрғыны өз қолымен салып шыққан ерекше сақ шатыры бар.
Өзі әнші, этнограф, ақын, әрі шаң-қобызшы Серәлі Мұхамедсалықов бірнеше жылдан бері осында тұрады. Ерекше баспананы тамашалауға келетіндердің қатары да жылдан жылға көбейіп келеді.
Серәлі Мұхамедсалықов 2 жылдан бері сақ шатырында тұрып жатыр. Ерекше үлгідегі үйді салуға бір жылдай уақытын жұмсаған екен. Өзінің айтуынша, шатырды туристерді тарту, табыс табу мақсатында тұрғызбаған.
Серәлі Мұхамедсалықов, этнограф, шаңқобызшы:
- Әр адамның өз әлемі болады. Менің әлемім – сақ дәуірі. Скифтердің өмірін сезіну, зерттеу. Үлкен үйім орталықта болса да, өзім осы шатырда тұрамын. Өйткені Сақ бабаларымыздың қатты аязда, қатты ыстықта қалай тұрғанын өз жан дүниеммен сезінгім келді.
Азамат Қасым, тілші:
- Мына шатырдың ішіндегі әр дүниенің өз тарихы бар. Мән-мазмұны бар. Мәселен, мынау төрте тұрған кіреуке сауытты Абылай Қалқаұлы деген шебер 8 ай тоқыпты. Ал мына киімдерді әнші Жапония, Корея, Қытай, Моңғолия секілді елдерде концерт бергенде киіп шыққан екен.
Шатырдың сырты да, іші де сақ заманын көз алдыңа елестетеді. Қақ төрде – қасқайып отырған сақ патшасы. Қарудың, аң терісінің, таңбалардың, музыкалық аспаптың түр-түрі. Құдды сол дәуірге еніп кеткендей боласың. Бұл әсіресе туристер мен шет елдік азаматтарды таңғалдырады екен.
Сомия Швами, студент /Үндістан/:
- Сақтардың тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті туралы мол мағлұмат алдық. Наурыз мейрамының тарихын білдік. Байқағаным, сақтар мен біздің бабаларымыздың музыкалық аспаптары ұқсас екен.
Гүлбаршын Егежанова, оқытушы:
- Наурыз мерекесі қарсаңында сақ шатырын көруге, сол заманмен танысуға келдік. Шатырға кіргенде керемет әсер алдық. Сол дәуірдегі тұтынған заттарды, жазуларын, киген киімдерін көріп, ерекше әсерге бөлендік.
Кейіпкеріміз сақ шатырын көруге келген қонақтарға тегін қызмет көрсетеді. Тарихтан сыр шертіп қана қоймай, әртүрлі музыкалық аспаптармен меймандарын тәнті етеді.
Серәлі Мұхамедсалықов, этнограф, шаңқобызшы:
- Арманым мұндай шатыр еліміздегі кез келген мектептің, елшіліктердің, мешіттердің алдында тұрса деймін. Басқа мемлекеттер өз құндылықтарын солай көрсетеді.
Серәлі Мұхамедсалықовтың жоспары көп. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап жүрген азамат алдағы уақытта қонақтарға шатырды тамашалатумен қатар түйе мінгізіп, садақ атқызуды да жоспарлап отыр.
Азамат Қасым, Медет Өмірханов