Алматы облысындағы музейде Бопай ханымның қылышы сақталған
Музей – тарих айнасы. Алматы облысының Қарасай ауданында «Батыр бабалар» тарихи мемориалды музейі бар. Ерекше мұражайда қазақ батырлары мен қолбасшылары туралы тарихи деректер мен жәдігерлер сақталған. Солардың қатарында Кенесары ханның қарындасы Бопай ханымның қылышын да көруге болады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Музей бір залдан, 3 экспонаттар бөлімінен тұрады. Қару-жарақ бөлімінде қазақ батырларының майдан даласында ұстаған соғыс қарулары бар. Қөлөнер шебері Дәулет Шоқпаров жасаған батыр сауытын, жүзі өткір айбалта мен сақетер қойылған.
Орынбасар Әлім, «Батыр бабалар» мемориалды музейінің меңгерушісі:
- «Құнды жәдігерлердің бірі – 1845 жылы жасалынған Кенесары ханның қарындасы әйгілі Бопай ханым қылышы. Бұл қылыш 1845 жылы Санкт- Петербург қаласында әкелі балалы Николай Вильгельм Шафпен пен Людвиг Вильгельм Шафтың шеберханасында жасалған.
Бопай ханым Кенесарының барлық шайқастарына қатысады. Ол 600 сарбаздан тұратын ерекше топты басқарды. Ұлт-азаттық көтеріліс кезінде патша әскерінің жасақтарына жорықтар жасайды. Ұрпақтан ұрпаққа сақталып келе жатқан қылышты музейге Айдар Тастеміров табыстаған. Темірден соғылған қылыштың жалпы ұзындығы – 98 см.
Жанерке Баймолдина, тарих пәнінің мұғалімі:
- Қазақ қыздарының ішіндегі қолды бастай алатын, ер азаматтарға сөзі жүре алатын, қолынан іс келетіндігін дәлелдеген бірден бір тұлға. Енді Бопай ханымның қылышын бүгін бізге ұстап көру, бұл жәдігерді өзіміз сезінуіміз біз үшін үлкен байлық болып табылады.
Музейге келген оқуышылар еліміздің тарихымен терең танысып, құнды мағлұматтар естіп, біледі. Мұнда сонау сақ дәуірінен, Алашорда кезеңін қамтыған экпозициялық бөлім бар. Қазақ тарихынан белгілі, ел билеген хандар мен төрелік айтқан билер туралы жәдігерлер сыр шертеді.
Әлихан Құдайберген, оқушы:
- Бұрында осындай мұражайға барғым келген. Өйткені Қазақстан тарихын жақсы көремін. Батырлар мен билерді көргім келеді. Біз тек қару-жарақты кітаптан, әртүрлі видеодан көретінбіз. Бірақ өз көзіңмен көрген басқа бір әсер екен.
Жалпы, мәдени әрі рухани нысанда 150 ден астам тарихи құнды жәдігерлер сақталған. Ағайынды қолөнершілер Тұрсынжан, Махмұд, Айтберген Жетекұлдарының ағаштан, теріден, темірден жасаған бұйымдары мен қару-жарақтар мұндағы жәдігерлерді толықтырып тұр. Жыл сайын музей қызметкерлері тарихи экпедицияға барып, музей қорын жаңа экспонаттармен байытуды мақсат етеді.
Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев.