Көкшетауда халықаралық комедиялық театр фестивалі басталды
Ауқымды шараға 9 аталым бойынша Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан елінің театрлары қатысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өнер бәсекесі 5 күнге жоспарланған. Осы уақыт аралығында театрлар көкшелік көрерменге комедия жанрындағы түрлі қойылымдарды ұсынады. Фестивальдің ашылу салтанатында өнер иелері қызыл кілемнен өтіп, көрермен қошеметіне бөленді. Фестиваль шымылдығын елордалық Жастар театры «Пранк Махаббат» қойылымымен ашты. Мәдени шара мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы мен халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған.
Сайфиддин Мелиев, фестиваль қатысушысы (Өзбекстан):
- Бұл фестиваль театр мамандары үшін өте қажет. Біз мұнда тек жарысу үшін емес, өзара тәжірбие алмасу мақсатында келеміз. Бұдан бөлек, қазір комедиялық фестивальдер өте аз ұйымдастырылады. Сондықтан біз осы шақыртуды қуана қабыл алдық. Әртістердің де біліктілігін шыңдауға таптырмас мүмкіндік. Өте қуаныштымын.
Манарбек Қыдырбай, Ш. Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі:
- Әр спектакльден кейін талдау жүргізіледі. Оған қазылар алқасы мен сарапшылар қатысады. Біз қазір күніне 2 қойылым қойып отырмыз. Сол 2 қойылымның арасында театр мамандарының қатысуымен шеберлік сабақтары өткізіледі. Сонымен бірге бізде Әзербайжан мен Түркиядан арнайы мамандар келіп, театрлардың өнерін бағалайды