Семейде ұлы Абайдың даналық сөздерін автобустан оқи аласыз

Ұлы Абайдың даналық сөздерін автобустан оқи аласыз.

Семейдегі қоғамдық көліктерде халықты кітап оқуға шақыратын ерекше акция басталды. Қаладағы автобустардың сыртына ақынның "Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз", "Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек" деген секілді қанатты сөздері жапсырылған. Ал қоғамдық көлік ішіне шағын кітап сөресі қойылып, онда қазақтың ақын-жазушыларының туындылары, әртүрлі тақырыптағы шығармалар орналастырылған.

Еркін Екібаев, қала тұрғыны:

- Кітап оқу автобус, үй деп қарамайды. Әр адамның зейініне, пейіліне байланысты. Кітаптар жақсы екен. Мағыналы, ұғынықты. Қазақтың түп-тамыры қайдан шыққаны жөнінде, сол жағынан.

Толқын Берікбекова, абай облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы:

- Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Мәдениет басқармасы «Даналықтың ізімен» деген акцияны жариялаған болатын. Акцияның тағы бір мақсаты – қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын халық арасына насихаттау. Тұрғындарды шешен сөйлеуге шақыру болып табылады.