Сатирик Көпен Әмірбектің шығарма жинағының тұсаукесері өтті
Бүгін Ұлттық академиялық кітапхана қабырғасында жазушы-сатирик Көпен Әмірбектің шығармалар жинағының тұсаукесері өтті.
«Көпен келе жатыр!» атты бес томдық кітапты таныстыру шарасына белгілі қоғам қайраткерлері қатысты. Оның ішінде Нұртөре Жүсіп, Дархан Мыңбай, Бауыржан Омаров, Сауытбек Әбдірахманов сынды әдебиет жанашырлары бар. Еске сала кеткен жөн, сықақшы Көпен Әмірбек былтыр 73 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Марқұмның шығармашылығына арналған салиқалы жиында жора-жолдастары жылы естеліктерімен бөлісті.
Баянғали Әлімжанов, ақын:
- Дәмі жоқ, мәні жоқ, жыртыққа күлгенді күлкі қылып та, жұртты күлдірем деп те жүргендер бар. Бірақ Көпеннің сатирасында үлкен астар болатын, салмақ болатын. Оның біраз шығармасы бүгінгідей тәуелсіздік алған еркіндік заманында емес, Совет заманында жазылған. Ал ол кезде саяси цензура бар. Соның бәрінен сыналап өткізу, астарлап айтуды әбден меңгерген.