Еуропалықтар қазақстандық студенттер оркестрінің шеберлігіне тәнті болды
Қазақ ұлттық өнер университетінің жастары Италияға гастрольдік сапармен барды. Ұжымның 25 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шарада классикалық төл музыканың майталмандары жастармен бір сахнада өнер көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Италиядағы гастрольдер Римнің Гионе театрында түйінделді. Қорытынды концертте студенттердің симфониялық оркестрі мен оқытушылар құрамының солистері бір сахнада өнер көрсетті. Бұған дейін қазақ өнерпаздары Генуя, Милан және Сан-Ремо көрермендерін шаттыққа бөледі.
Айман Мұсаходжаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры:
- Мен Үкіметке көп рақмет айтамын, біздің Президентімізге көп рақмет. Біздің болашағымыз зор болсын деп бізді шетелге шығарып, әлемге көрсетіп жатыр. Біздің ел үшін, халқымыз үшін бәріміз де істейміз ғой.
Италиялық көрерменнің талғамы өте жоғары. Бұл жерде опера әндерін орындау емтихан тапсырғанмен бірдей. Астаналық солистер – Талғат Мұсабаев, Салтанат Ахметова, Сүндет Байғожин жергілікті меломандарды таңдай қақтырды. Жас әрі хас талант Ержан Максим әйгілі «О сол мио» әнін шырқады.
Ержан Максим, ҚАЗҰӨУ дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектебінің оқушысы:
- Бүгін осы әнді орындағанда өте қорықтым. Бұл жақта адамдары әрбір сөзіңе, әрбір алған деміңе өте жақсы қарайды. Сосын мен қатты уайымдадым. Бірақ бәрібір күштілеп айтып шықтым деген ойдамын.
Көптеген италиялық көрермен осы гастрольдер арқылы елімізбен алғаш рет жақынырақ танысты. Домбырашылар ансамблі мен халық аспаптарында ойнаған трио кеш көрігін қыздырды.
Ерболат Сембаев, Қазақстанның Италиядағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Мәдени дипломатияға үлкен үлес қосып отыр. Бұл – біздің Италия мен Қазақстанның қарым-қатынасына өте үлкен көмек. Осылай біз дүниежүзіне Қазақстанды танытамыз. Бұл кезде Қазақстанды Италияға, Рим қаласына танытып отырмыз.
Бұл гастрольге 70-ке жуық студент қатысты. Айдар Торыбаев жетекшілік еткен оркестр күрделі әрі жан-жақты қамтылған бағдарлама ұсына білді.
- Өте керемет! Өзім Италия консерваториясында сабақ беремін. Сондықтан біз осы жерде өте жоғары кәсіби өнерге куә болдық деп айта аламын.
- Студенттердің шеберлігіне тәнтімін. Оркестрдің өнерін жан-тәніммен сезіндім. Тамаша!
- Өте әдемі! Музыка, скрипкашылар, әндер – бәрі ғажап! Мен сіздерді жақсы көремін!
Еуропаға жасалған өнер сапары біздің студенттерге қайталанбас әсер, ұмытылмас тәжірибе сыйлады. Олар аты аңызға айналған сахналар мен талғамы биік көрермендерді ғана емес, сондай-ақ музыка музейлерін де көрді. Яғни, көкжиегі кеңейіп, көңілге түйгені көбейді.
Авторлары: Ернат Мелсұлы, Әлия Сыздықова.