«Ауылбайский участковый» фильмі жарыққа шықты
Tiger Films продюссерлік компаниясының жаңа фильмі жарыққа шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Комедия жанрында түсірілген «Ауылбайский участковый» киносы 20 сәуірден бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан көрсетіле бастайды. Жаңа туындының тұсаукесері Алматыдағы Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында өтті.
Tiger Films түсірген «Ауылбайский участковый» фильмі Батырбек есімді жас полиция қызметкері туралы. Маңызды операцияны ойдағыдай іске асыра алмағандықтан, Батырбек ауылды жерге қарапайым учаскелік полиция бөліміне ауысады. Оған ауылдан қаладағы қызметке қайту үшін атышулы қылмысты ашу керек болады. Полиция рөлін ойнаған Олжас Абай бұл комедия өзіндік ерекшеліктерімен көрерменді баурап алады деп отыр.
Олжас Абай, актер:
- Қаладан опыты бар адам келіп, сол жерде халықтың қал жағдайын сұрап, үлкен кісілердің қал жағдайын сұрап, солармен біте қайнасып, сол жердегі проблеманы шешіп беріп, ауылдың ауызсу мәселесін, басқасына да араласа кетіп, сол ауылды өзі қолдап, қоршағаннан кейін сол жерге деген махаббаты артып, ауылда қалып қалғысы келетінінде.
Бұл фильм арқылы біз ауыл мен қаланың арасын жақындатқымыз келді. Өйткені осы киноға түскен актерлердің барлығы дерлік ауылды жерде туып өскен. Сондықтан фильм барысында ауылға деген сағыныш, туған жерге деген құрмет анық байқалады, - дейді фильм режиссері Ален Ниязбеков.
Ален Ниязбеков, фильм режиссері:
- Осы фильмді түсірмей тұрып жігіттермен көп ойландық. Ақылдаса келе комедия жанрындағы халықтық кино түсіруді жөн деп ұйғардық. «Ауыл –алтын бесігіміз» дейміз. Сондықтан ауылды ұмытпас үшін туған жерге деген құрмет көрсету мақсатында осы фильмді түсіріп шықтық. Өте жеңіл әрі көңілді. Көрермендер көңілінен шығарына сенімдімін.
2021 жылы құрылған Tiger Films продюсерлік компаниясы осы уақытқа дейін 11 фильмді сәтті прокатқа шығарып үлгерді. Алдағы жоспарлары да таудай.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Сұлтан Бейсекенов.