Алматыда жазушы Асқар Алтайдың шығармашылық кеші өтті
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы, әдебиет сыншысы Асқар Алтай биыл 60 жасқа толды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Осыған орай Алматыда қаламгердің өзі оқыған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде шығармашылық кеш өтті. Студенттер жазушының еңбектерін талдап, сахналық қойылым қойды.
Асқар Алтай – қазақ әдебиетінде өзіндік ұстанымы мен бағытын қалыптастырған жазушы. Ол бүгінге дейін 4 романның, 5 повестің авторы атанды. Оған қоса, 50-ге жуық әңгіме жазды. Оның шығармаларын үлкен-кіші бірдей оқиды. Қаламгердің «Прописка», «Кентавр», «Дегелеңдегі қызыл күн» сияқты бірнеше әңгімесі мектеп оқулығына енген. Әр жылдары «Қыр мен қала хикаялары», «Алтай новелласы» , «Нарық нақыштары», «Казино», «Қызыл бөлтірік» деген атпен кітаптары басылып шықты.
Асқар Алтай, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
- «Қызыл бөлтірік» атты алғашқы повесімді осы ҚазПИ-де жүрген кезімде, 4 курсты бітіріп жатқан кезде жаздым және сол ғажабы, «Қызыл бөлтірік» маған ең алғашқы атақ алып келді. Сондай-ақ осы ҚазПИ-де жүріп, «Екі көктем» деген новелла жаздым. Қабырға газетінде жарияланды. Алғаш мені ұстазым Нығмет Ғабдуллинге танытқан сол «Екі көктем» еді.
Қизат Тілеуберді, Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектептің мұғалімі:
- 6-сыныпта «Прописка» әңгімесі берілген. Ал тереңдетілген республикалық мектептерде «Киллер сауысқан» әңгімесі оқытылады. Соның желісінде біздер балалармен талдау жасаймыз. Автордың тіліне, көркемдеу тәсілдеріне қатысты және негізгісі көтеріліген тақырыбына, ұлттың тарихына, ұлттық болмысқа деген арақатынасы ерекше бұл шығармалардың.