Зейнеп Ахметова Маңғыстау жұртымен жүздесті
Батыр Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова Маңғыстау жұртшылығымен жүздесті.
Аймақ әкімдігі және өңірдің іскер әйелдер кеңесі бірлесе ұйымдастырған жиындар Ақтау, Жаңаөзен қалаларында өтті.
Қазақы салт-дәстүрді көпке насихаттаушы, бірнеше кітаптың авторына көрермен қойған сауал аз болмады. Әсіресе қыз-келіншектерді бала тәрбиесі, бүгінгі қазақ әйелінің қоғамдағы ролінің қандай болу керектігі толғандыратыны байқалды.
Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келінін маңғыстаулық келіндер иіліп сәлем салып, шұбат-бауырсақ ұсынып қарсы алды. Аңыз тұлғамен кездесуге келген адам саны 300-ден асады. Көпшілік ықыласына риза болған Зейнеп Ахметова жазушы атасының халқымыздың салт-дәстүрін насихаттауда қосқан еңбегіне тоқталды.
Зейнеп Ахметова, жазушы:
- Қазақ дейтін тамыры тереңге кеткен, небір зобалаңды басынан өткеріп, көнген халық. Ұлы халық деп салт-дәстүрі, әдет-ғұрпын, тіптен ырым-тыйым, кәде-жоралғысына дейін айта беретін. Анамыздың мықтап берген ұлттық тәрбиесі Ата секілді қайсарлықтан жаратылған адамға келін болып түсуіме, сол кісінің қолынан су құйып, шәйін қайнатып беруіне жарауыма үлкен септігін тигізді.
Зейнеп апайдың әсерлі әңгімесі көрерменді бірден баурап алды. Ене мен келін арасындағы сыйластық, әдет-ғұрыпты сақтау, соңғы кезде пайда болған кейбір ырымдардың дұрыс-бұрыстығы жөнінде айтқан сөздері көпшілік көңілінен шықты.
Ақмарал Өтегенова, қала тұрғыны:
- Әңгімесін тыңдай бергің келеді. Келін қандай болуы керек, ата-енесін қалай сыйлауы керек, аяғы ауыр кезде қалай киіну керек, қандай күтім болуы керек. Соның барлығын айтатын болған соң, осы жерге келіп тұрмын. Өзім білмейтінімді ұғып алу үшін.
Сәуле Салихова, өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрағасы:
- Кездесулерді «Асқар таудай аманаты бар ана» деген тақырыпта өткізіп жатырмыз. Бұл кісінің әр адамға беретін кеңесі көп. Біздің қоғамды рухани шөлдеп жүрген қоғам деп айтуға болады. Сондықтан, бұл кісінің келгені Маңғыстау үшін өте маңызды.
Жазушы Зейнеп Ахметова Ақтауда бірнеше жерде кездесу өткізеді. Іскер әйелдер, аналар кеңесі мүшелерінен бөлек студенттермен жолығады деп күтілуде.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев