Елордада Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған концерт өтті

Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында Елордада шоқтығы биік концерт өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің әр түкпірінен мыңнан аса музыкант жиналып, «Астана Опера» театрында өнер көрсетті. Шараның басты көрермені де – облыстардан келген сала мамандары.

«Ұлы дала әуені» салтанатты одасы күллі мәдениет және өнер тарландарына айрықша тарту болғаны сөзсіз. «Ұлы дала», «Желсіз түнде жарық ай», «Сарыарқа», «Туған жер» сынды шығармалар жинағын еліміздің әр түкпірінен келген 1000-нан аса өнерпаз орындады. Хор мен симфониялық оркестрлердің бір сахнада өнер көрсетуі – тарихтағы айтулы оқиға.

Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Бұл енді бірінші рет өткізіліп жатыр. Халықтың көңілінен шықса, егер қолдау болса, әртістерімізге, сала мамандарына, жалпы жұртшылыққа ұнаса, дәстүрге айналдыруға тырысамыз. Бірінші тәжірибеміз. Астана Операның әлеуетін ескере отырып, 1100 адамды бір мезгілде сахнаға шақырып жатырмыз. Шынын айтқанда, өзіміздің рекордқа айналады деген ниеттеміз енді.

Жобаның авторы әрі көркемдік жетекшісі Марат Бисенғалиев отандық өнерпаздардың әлеммен иық тірестіре алатынына сенімді. Әрине, мың адамды бір арнаға тоғыстыру оңай емес.

Марат Бисенғалиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Осының бәрін ұйымдастыру мен ойлағаннан қиын болды. Басында тек тәртіп жағынан қиналдым, әсіресе хор адамдарын қадағалау. Алайда соңында барлығының басын қосу қолымыздан келді. Шыны керек, 1000 музыкатпен жұмыс жасау өте қиын. Ең қиыңы оларды қадағалау. Концерт жақсы өтеді деп үміттенемін.  

Қиыннан қиыстырылған айрықша кештің көпшілік көңілінен шығуына белгілі дирижерлер Абзал Мұхитдин мен Бейімбет Демеуовтің де ықпалы зор. Айтпақшы, бүгінгі концертті 1000-ға тарта көрермен тамашалады. Бәрі еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнер саласының өкілдері. 

Ерболат Бекентаев, көрермен:

- Мен «Қанаттылар» инклюзивті театрының актерімін. Концерт ұнады. Эмоция алдық. Маған бәрі ұнады.

Бағлан Аралханов, көрермен:

- Қазір мәдениет саласында университетте мұғаліммін. Концерт өте тамаша деңгейде өтті. Жақсы демалып қалдық. Осындай мерекелер бола берсін.

Мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің мерекесіне орайластырылған апталық осылай қорытындыланды. 1000 өнерпаздың басын қосқан салтанатты ода дәстүрге айналуы мүмкін.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Диас Қобланбаев.