Атыраулық зейнеткер көпшілікті өнерімен тәнті етіп жүр
Атыраулық зейнеткер газеттен түрлі бұйым жасап, көпшілікті өнерімен тәнті етіп жүр.
Қағаз қиындыларын кәдеге жаратып жүрген, қала тұрғынының бұйымдарына сұраныс та жоқ емес. Кейде жастарды да қолөнерге баулып, шеберлік сағаттарын өткізеді.
Халима Ахметқызының ерекше өнерді серік еткеніне 10 жылдай болды. Газет қиындыларынан түрлі бұйым дайындайтын шебер күніне 8-9 сағатын хоббиіне арнайды.
Халима Айбекова, зейнеткер:
- Бұл өнер менің әкемнен қалған. Әкем деген сондай тамаша адам еді ғой, қолынан келмейтіні жоқ. Үйрен де жирен дейтін еді. Бірінші уақыттарда қиындау болды, қазір көзді жұмып қойып, тіпті теледидар қарап қойып, әңгімені соғып қойып, айналдыра беремін. Қызым маған көрсетіп, жіберіп, «осындай, мама» деп. Содан үйреніп кеттім. Содан тастай алмаймын. Көбі тастап кетеді, шаршай ма, білмеймін.
40 жылдай мемлекеттік қызметте болған Халима Айбекова 8 жылдан бері зейнет демалысында. Аядай үйі шағын шеберханаға айналған. Түрлі себет пен қорап, көздің жауын алатын бұйымдар жасап, газет қиындыларын қайта кәдеге жаратып жүр.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Халима Ахметқызының қолынан шыққан бұйымдарға сұраныс жоғары. Шебер осындай қалып арқылы мынадай әдемі дайын өнімді шығарады. Тапсырыс берушінің ыңғайына қарай бояп сырлап табыстайды.
Зейнеткер тоқыма тоқуды да жанына серік еткен. Анасынан меңгерген төл өнерді қалпын бұзбай кейінгілерге де үйретіп жүр.
Халима Айбекова, зейнеткер:
- Мына корзинаны жасап отырғанда кейде шаршап кетесің. Тастап қойып, просто так телевизор қарай алмаймын. Менің қолым жыбырлап отыруы керек. Шаруа жасап отыруым керек. Сонда мына носкилерді тоқимын. Бұл носкилер де жақсы, шашуға, тойға.
Қолөнер шебері алдағы уақытта өзінің шеберханасын ашып, жастарды еңбекке баулығысы келеді. Қазірдің өзінде оқу орталықтарына барып, түрлі шеберлік сағаттарын өткізеді.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин