Астанада ғалымдар материалдық емес құндылықтарды талқылады
Еуразияның материалдық емес мәдени мұрасын қорғап, зерттеу мақсатында елордада этнографтар, археологтар және тарихшылар бас қосты.
Халықаралық конференцияға қатысушылар Италия, Бельгия, Түркия, Польша, Әзербайжан, Қырғызстан және Ресей құрамындағы түркітілдес республикалардан келді. Ғалымдар Алаш жұртына жақын, ұлт пен ұлыстардың салт-дәстүріндегі ұқсастықтарын атап, бірыңғай тұтастыққа бастар, тұстарын тізді. "Бозоқ" қорығы, жыл сайын осындай мәдени шаралар өткізіп тұрады. Оның ішінде ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерді насихаттау жобалары да бар. Мәселен, қазақ жылқы өсірушілерінің бастамасымен "Ашамайға мінгізу", "Қымыз-мұрындық" пен "Сірге жияр" шарасы атап өтіледі.
Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
- Бүгінгі күні этнография бағыты қоғам үшін өте маңызды. Өйткені біз белгілі бір дәрежеде жаңаруымыз керек. Құндылықтарымызды сараптауымыз керек. Өмірдің ағымымен жүре берсек, бірегейлігімізді ұстай алмаймыз. Бірегейлікті қалыптастыратын күнделікті сәлем беру дәстүрінен басталады.
Ирина Октябрьская, тарих ғылымдарының докторы:
- Мен өз баяндамамда түркітілдес жұртының мерекелік әдет-ғұрпы тақырыбын таңдадым. Ресейдегі қазақ диспорасының тұрмыс-тіршілігі туралы кеңінен айттым. Қазақстандық әріптестерімізбен бірге мынадай кітап та шығардық. Атауын "Қазақтар" деп қойдық. Алдағы уақытта Дағыстан Республикасында тұратын түркітілдес диаспоралардың материалдық емес мәдени мұрасын зерттеп, кітап шығарамыз.