Алматыда Ticketon Аwards сыйлығы салтанатты түрде табысталды

Алматыда дәстүрлі Ticketon Аwards сыйлығы салтанатты түрде табысталды.

Мәдениет, өнер, спорт, медиа, кино әлеміндегі ең жарқын және ұмытылмас іс-шара биыл алтыншы рет өтті. Айта кетейік, Ticketon жүлделерінің иесін қарапайым халық таңдайды.

Биыл Ticketon Аwards рәсімі ерекше салтанатпен басталды. Танымал тұлғалар, әртістер, спорт, өнер және мәдениет қайраткерлері қызыл кілеммен жүріп өтті. Бірінші болып қонақтар «Дос Мұқасан» фильмін түсірген ұжымын қошеметпен қарсы алды. 2022 жылы шыққан картина аз уақытта көрерменнің көзаймына айналып үлгерген болатын.

Мұрат Құсайынов, "Дос-Мұқасан" тобының мүшесі:

- Былтыр түсіріліп, жұрттың көңілінен шыққан. Көрермендердің сұрауы бойынша бұл фильм рекордты көрсеткіш көрсетті. Миллиондаған халық көрді. Мен ойлаймын, фильмді ағылшын тіліне аударып, басқа елдерге де көрсету керек сияқты. Бұл тарих қой. Қазақстанның тарихы. «Дос-Мұқасан» Қазақстанның бір бөлігі.

Биыл Ticketon жүлделерінің қатарына жаңа аталым қосылды. Алғаш рет қоршаған ортаны қорғауға үлес қосқан қоғам белсендісі марапатталды.

Айжан Ысқақова, Eco Influencer аталымы бойынша жеңімпаз:

- Біз осындай жаңа аталым қосылғанына қуаныштымыз. Болашақта еліміздің экологиялық мәселелерін көтеріп, оның жақсаруына үлес қосып жүрген азаматтарды жүлдеге ұсынатын боламыз.

Биыл жалпыхалықтық дауыс беру 21 ақпан мен 7 наурыз аралығында өтті. Осы уақыт аралығында 90 мыңға жуық дауыс жиналған.

Виктория Торгунакова, Тicketon Awards компаниясының бас директоры:

- Биыл бізде марапаттың ауқымы үлкен. 330-дан астам адам жүлдеге ұсынылды. Олардың арасынан үздіктерді таңдадық. Әр категория бойынша бір жеңімпаздан 33 адам жүлдеге ие болды.

Дәстүрлі Ticketon Аwards салтанатты рәсімі гала-концертпен аяқталды.

Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев