Жезқазғанда «Ұлытау үні» фестивалі басталды
Жезқазғанда «Ұлытау үні» республикалық фестивалі жалауын желбіретті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Халық шығармашылығы мен көркем өнерпаздардың бәйгесіне елдің әр өңірінен келген 90-нан астам өнерпаз қатысты. Дәстүрлі шара биыл Ұлытау облысының 1 жылдық мерейтойына арналды.
Бүгінде қалың көпшілікке танымал талай жас дарынның томағасын сыпырып, тұсауын кескен фестиваль жүрісінен жаңылған жоқ. Тарихын 90-жылдан алатын фестивалдің алғашқы қарлығаштары бұл жолы төрден орын алды. Солардың бірі – айтыс ақыны Мұқаш Сейтқазинов. Ұлттық өнердің биігін бағындырған өнерпаз «Ұлытау үні» таланттар шеберханасы» дейді.
Мұқаш Сейтқазинов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Қазақтың мен деген ақындарының бәрі тура осы «Ұлытау үніне» қатысуды армандайтын. Оған кеп қатысатын. Дүрілдеді, гүрілдеді. Қаншама ақындардың тұсауын кесті. Енді айтыстың сыртында мына жерде дәстүрлі әндікі, ана жақта термешілердікі, көркемсөз оқу. Бір керемет енді шалқиын деп тұр қаланың төрінде.
Алғашқыда облыстық деңгейде тойланған фестиваль Ұлытау жеке облыс болғалы республикалық деңгейге көтерілді. Сәйкесінше оның бағдарламасы да түрлі шаралармен толықты.
Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:
- Биыл енді жаңа форматта жаңа бағдарламалар қосылып жатыр. Бұл – біздің алғашқы қадам. Жыл сайын бұл фестивалге қатысушыларды көбейтіп, қаржыландыруды да көбейту жоспарда бар.
Көпшілік асыға күтетін көзайым мереке Ұлытау өңірінің ғана емес, бүкіл елдің рухани өмірінде айрықша орын алады. Бұл фестивальге қатысуға республиканың барлық облысынан өтініштер түскен.
Әнуар Омар, облыстық Мәдениет,тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:
- Мына республикадан келіп тұрған өнерпаздардың өзі 90-ға тартады. Барлық 20 облыстан да келіп отыр. Оның сыртында өзіміздің өнерпаздар да бар.
3 күнге жалғасатын шарада дәстүрлі ән орындаушылар, термешілер мен күйшілер байқауы және республикалық ақындар аламаны өтеді. Көркемсөз оқу шеберлері дауылпаз диктор Әнуарбек Байжанбаев атындағы жүлдені сарапқа салады. Сонымен қатар аймаққа аты мәлім өнерпаздардың шығармашылық кештері ұйымдастырылады.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Гүлшаһира Серекбаева.