«Роза Бағланова» спектаклі Кореяда үздік шетелдік мюзикл атанды
Барлығы 16 номинация бойынша марапаттар берілді. 17-халықаралық музыкалық фестиваль 19 мамыр мен 5 маусым аралығында Оңтүстік Кореяда өтті.
Оған Ұлыбритания, Франция, Германия, Корея мен Қазақстанның театрлары қатысты. Фестивальдің 17 жыл тарихы бар, осы күнге дейін оны 2,5 миллионға жуық көрермен тамашалаған. 2016 жылы құрылған Астана МЮЗИКЛ театры Орталық Азиядағы жалғыз осы бағыттағы өнер ордасы. Фестивальде өнерпаздар Роза Бағланованың туындысын ұсынды. Қазылар алқасы басты рөлді сомдаған актриса Зарина Макинаға «Үздік әйел рөлі» жүлдесін табыстады. Айта кетейік, Зарина «Хабар» телеарнасынан көрсетілген «Бұлбұл» сериалында да аты аңызға айналған қазақ әншісін сомдаған.
Зарина Макина, "Astana Musical" театрының актрисасы:
- Театрда жанағы толықтай вокалдық партияларын зерттейсін және де театрда қойған қойылымымызда біз Роза Бағланованың өмірінің тек бір бөлігін ғана қамтыдық ал кинода оны 18 жасынан 50 жасына дейін сомдадым. Басында сол рольге түскен кезде қиналдым өйткені дәл Роза апайымыздың манерасында мен ешқашан ән айтып көрмегенмін. Бірақ кейін вокал апайымызбен бірге сол Роза апаның ән айту мәнерін зерттеп бір мәмілеге келдік, үйрендік.
Есләм Нұртазин, "Astana Musical" театрының көркемдік жетекшісі:
- Қазір, өздеріңіз білесіздер, Корея 3 орында. Өйткені бүкіл әлемнің мюзиклдары осы елде бар. Өте жақсы деңгей, үйренетін нәрселер көп. Негізі фестиваль сол үшін керек шығар. Біз өзімізді көрсетіп, олар бізге көрсетіп. Пікірталас, ой аралас деген. Біз олардан үйренген нәрсемізді ертең Қазақстанға алып келеміз деп үміттемін.